Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда мереке күндері тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Комиссия отырысына жауапты сала басшылары қатысып, бірқатар тапсырма жүктелді.
«Қоғамдық орындарда, ойын-сауық нысандарында, түнгі клубтарда, базарлар мен сауда орталықтарында, жалдамалы пәтерлерде құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілсін. Мерекелік іс-шаралар кезінде мас күйде жүру, топтық төбелес, бұзақылық, өзге де құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдансын. Ұрлық, алаяқтық және өзге де қылмыстардың алдын алуда күшейтілген рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылсын.
Алкоголь өнімдерін сатуға белгіленген уақытты сақтауды, мас күйдегі азаматтарға алкоголь сатпауды бақылау керек. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге су, жылу, электр, газ беру және тазалық қызметтері үздіксіз көрсетілуі тиіс. Резервтік жүйелерді тексеріп, қосымша қуат көздерін дайындап қою қажет. Коммуналдық қызметтер 24 сағаттық кезекшілік пен жедел байланыс желісін ұйымдастырсын.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Абдрамановтың хабарламасы назарға алынып, полиция департаменті, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері, мүдделі мемлекеттік органдар, профилактика субъектілерімен бірлесіп, өз құзыреттері шегінде заң нормаларын іске асыруға бағытталған ұйымдастырушылық, әдістемелік және талдамалық шаралар кешенін алдын ала пысықтауы тиіс. Қабылданатын заң талаптарын тиімді енгізуге дайындық жөнінде ұсыныстар енгізу өте маңызды», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Сонымен қатар, негізгі жол тораптары мен халық көп жиналатын аумақтарды патрульдеуді, өрт, жарылыс және өзге де апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге дайындықты күшейтуді тапсырды. Медициналық қызметтің, жедел жәрдем бригадаларының әзірлігі де назардан тыс қалмауы керек.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
