Сенбі, 24 мамыр, 01:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

«Miras» республикалық кеңесінің төрағасы жаңадан бой көтеріп жатқан мәдени нысандардың құрылысымен танысты

23.05.2025

91 0

Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтай мен партияның саяси жұмыстар департаментінің директоры Еркебұлан Жауылбаев партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов пен бірге өңірдегі жаңадан бой көтеріп жатқан мәдени нысандардың құрылысымен танысты.

Меймандар алдымен жақында ғана пайдалануға берілген «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық – инновациялық академиясында болып, балаларға жасалған мүмкіндіктерді көрді.

Шығармашылық – инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Мұнан соң қаланың сол жағалауында салынып жатқан заманауи үлгідегі облыстық тарихи – өлкетану мұражайы мен музыкалық колледж құрылысымен танысты.

Қасиетті Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатындағы жаңа музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет типтік ғимарат қор сақтау қоймаларымен жабдықталуда.

Қазіргі уақытта музей қорында 67 613 экспонат сақталған. Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетіледі. 11 залдан тұратын мұражайдың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалуда.

Ал, үш қабаттан тұратын музыкалық колледж ғимараты 650 орынға арналған. Атап өту керек, қала орталығындағы колледждің қазіргі ғимараты тозығы жетіп, заман талаптарына сай келмейді. Ескірген ғимарат небәрі 350 орындық, ал онда оқитындар саны, жастардың музыкалық білім алуға сұранысы жыл сайын артуда. Осы жағдайды ескере келе өңірде өткен жылдың соңында «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен жаңа ғимарат іргетасы қаланған болатын. Жаңа колледж ғимараты тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Жаңа мәдени нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысқан халық қалаулысы жаңа дәуірдің ұландарын тәрбиелеу мен ұлттық мұрамызды ұлықтау бағытында жасалып жатқан өрелі бастамаларға табыс тіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: