Сенбі, 14 маусым, 10:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42 – 2155
10.06.2025
PDF мұрағаты

 «Ұлы дала» шығармашылық байқауына құжат қабылдау басталды

13.06.2025

137 0

«AMANAT» партиясы мәдениет пен әдебиеттің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Соның аясында жыл сайын түрлі деңгейдегі ақындар айтысы, «Ұлы дала» шығармашылық байқауы ұйымдастырылып, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған «AMANAT» медиа сыйлығы табысталуда. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылы өткен «Ұлы дала» республикалық байқауында сөйлеген сөзінде бұл жобаны өңірлік деңгейде де өткізуді тапсырып, жергілікті қаламгерлерге жол ашуға басымдық беруді міндеттеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, былтыр алғаш рет Сыр өңірінде аймақтық деңгейде байқау ұйымдастырылып, үздіктер республикалық кезеңге жолдама алған еді.

Биыл аталған әдеби бәйге аймақта екінші мәрте өткізілмек. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

 – Шығармашылық байқау үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады поэзия, проза және балаларға арналған шығарма негізінде ұйымдастырылады. Құжаттар 16 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Әр номинация бойынша үш жеңімпаз анықталады. Олар бағалы және қаржылай сыйлықтарға ие болады. Байқауға 18 бен 45 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Әр қатысушы тек бір номинация бойынша ғана шығармасын жолдай алады. Шығармалар тек қазақ тілінде қабылданады және бұрын жарияланбаған болуы тиіс. Жұмыс тақырыбына шектеу жоқ. Байқауға ұсынылған материалдарды қазылар алқасы 10-20 тамыз аралығында бағалайды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 тамызға дейін өткізіледі. Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алады, – деді Алмасбек Есмаханов.

Ұсынылатын шығармалар көлемі келесідей шектеледі, поэзия мен балаларға арналған шығарма үшін – 15 бетке дейін, проза үшін – 25 беттен аспауы тиіс. Барлық материалдар «А4» форматында, «Times New Roman» қарпімен, 14 кегльде, 1.0 жол аралығымен теріліп, бүркеншік атпен жолдануы қажет. Автор туралы мәлімет пен байланыс деректері бөлек файлмен қоса жолданады. Шығармалар партия филиалының ресми электронды поштасына «kyzylorda@amanatpartiasy.kz» қабылданады.

«Ұлы дала» шығармашылық байқауы – жас қаламгерлердің танылуына, әдебиет әлемінде жаңа қадам жасауға берілетін үлкен мүмкіндік. Сыр өңіріндегі сөз өнеріне бейім жас буын үшін бұл – шабыттың, сын мен шеберліктің алаңы. Өзіне сенетін, өлең мен прозаны серік еткен талантты жастарды байқауға белсене қатысуға шақырамыз. Бәлкім, дәл осы байқау, сіздің шығармашылық жолыңыздағы алғашқы жарқын белес болар.

                                                                                   Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: