Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі өрісті бастамалар туралы жұрт лебізін жиі естиміз. Аз уақыт ішінде қай сала бойынша да көш басына шыққан аймақта тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы бастамалар да нәтижесіз емес. Жұрт игілігіне жарайтын жобалар жүзеге асып жатқан өңірдегі оң өзгерістер туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тарата айтты, – деп хабарлайды Egemen.kz.
– Нұрлыбек Машбекұлы, Мемлекет басшысы жақында облысқа жұмыс сапары барысында өндіріс, мәдениет, спорт нысандарымен, аймақ инфрақұрылымын дамыту жұмысымен танысып, оң баға берді. Осы ретте Президент өңірде инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнеске қолайлы жағдай жасауды жалғастыруды тапсырды. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Мемлекет басшысының әр сапары бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Президентіміз жұмыс сапарын «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан бастап, бірнеше әлеуметтік, өндірістік, ірі инфрақұрылымдық нысандарда болды. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың барысын баяндадым. Сонымен қатар «Orient Ceramic KZO» компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, «Fabe Agro» жылыжай кешені, «With You» қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар, Roka Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісі және басқа да инвестициялық жобалар туралы пайымды пікірін айтты. Өңір жұртшылығымен кездесуде Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын жеткізді. Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын айтты. Бұл бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдап отыр.
Жаңа нысан жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ. Сапар аясында Мемлекет басшысына шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында баяндадық. Мемлекет басшысының Қызылорда облысының даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді.
Өңірдің бүгінгі дамуы жөнінде сөз болғанда осы жылдың 9 айында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өскенін айтар едік. Облыс бюджеті 851,3 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты.
Әрине, мұның бәрі ең алдымен әр бастамамыздың жұрт игілігіне жұмсалатынына сенім білдірген Мемлекет басшысының қолдауының арқасы. Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы да қазіргі басты талаптың бірі. Осыған байланысты бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргіздік. Нәтижесінде, 108 млрд теңге үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 64,3 млрд, «Арт-спорт» бағдарламасынан 15,4 млрд және әлеуметтік қорғау саласынан 8,2 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол бермедік. Үнемделген қаржы аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.
– Өңірге сырттан тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Бұған қандай іс-шаралар ықпал етіп отыр?
– Біздің алдымызда тұрған басты міндет – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін сыртпен байланысты нығайтып, инвестиция тарту. Осы ретте инвестициялық ахуалдың дамуына Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі беделі маңызды рөл атқарып отырғанын айта кетуіміз керек. Шетелдерге жасаған сапарлары барысында мемлекет басшыларынан бөлек танымал компаниялардың жетекшілерімен кездесіп, елімізге инвестиция салуға шақырып келеді. Президентіміз 2022 жылы Түркияға жасаған сапарынан кейін сол елдің «Aksa Energy» компаниясы біздің өңірде жаңа жылу электр орталығын салуға шешім қабылдады. Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған теңдессіз жоба.
2022 жылдың қыркүйегінен бастап жаңа жылу электр орталығының жобалау құжаттары әзірленді. Бір жылдан кейін іргесі қаланды. Инвестициялық шартқа сәйкес станса келер жылдың тамыз айында іске қосылады. Президенттің тікелей бақылауында тұрған нысанда бүгінде 176 МВт электр энергиясын шығаратын газ турбинасы қосылды. Келесі жылдың басында бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 МВт электр энергиясын шығарамыз. Орталық өңірімізге қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.
Былтыр Астана қаласында Қазақстан мен Корея Республикасы басшыларының өзара кездесуі барысында өткен «Қазақстан-Корея» бизнес форумында облыс әкімдігі мен Кореяның «With you E&C» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Қызылорда қаласында жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының» жобасын іске асыру басталды. Құны 37,8 млрд теңге болатын зауытта 160 адам жұмыспен қамтылады.
Былтыр өңірімізге Еуропалық Одаққа мүше 20 мемлекеттің елшілері арнайы жұмыс сапарымен келіп, «Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Онда біз өңірдің инвестициялық мүмкіндігі, алыс-жақын шетелдерге экспортталып жатқан өнімдеріміз туралы мәлімет бердік.
Кейінгі үш жылда өңір экономикасына 1 трлн 600 млрд теңге инвестиция салынды. Биыл инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 233 пайызға артып, 720 млрд теңгеден астам қаржы тартылады. Оның 70 пайызы жеке инвестиция үлесі. 2025–2028 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеден астам 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Облыс орталығынан түрік инвесторы 4 млрд теңгеге ашқан «Orhun Medical» онкологиялық диагностикалық орталығы жылына 94 мың адамды қабылдай алады.
Жуырда Швейцария Конфедерациясына жұмыс сапарымен барып, өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырдық. Халықаралық ұйымдармен, шетелдік компаниялармен әріптестік байланыстарды нығайту бағытындағы сапар шеңберінде аймақта заманауи агроиндустриялық кластер құру жобасын талқыладық. Жобаға сәйкес 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері, соя өсіріліп, қайта өңдеу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 51 млрд теңге, 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
– Өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азайып келеді. Осы орайда жаңа кен орындарын зерттеу жұмысының нәтижесі қандай? Облыс экономикасын әртараптандыру бағытында қандай жобалар бар?
– Ұзақ жылдар аймақ дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан саланың кейінгі 10 жылда кідіріске ұшырағаны рас. Осыдан 12 жыл бұрын облыста жылына 11 млн тонна мұнай өндірілсе, 2024 жылы өндіріс көлемі 3,2 млн тоннаға дейін азайған.
Осыған байланысты аймақта республикалық бюджет қаржысына геологиялық барлау жұмысын арттыру, жаңа аумақтарды зерттеу, мұнай қорларын толықтыру, инновациялық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл бағытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ негізгі серіктестерінің бірі CNPC-мен бірлесіп жұмысты жандандырады. «Шөгінді бассейндерді кешенді зерттеу» деректері бойынша Оңтүстік Торғай алабының қоры 3,2 млрд тоннадан асатыны болжанып отыр. Былтыр аймақта геологиялық барлау және кен орындарында мұнай өндіруді арттыру тақырыбына арналған II техникалық семинарда осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Экономиканы әртараптандырып, барлық саланы бірдей дамыту арқылы аймақта биылдың өзінде 302 млрд 500 млн теңгенің 27 жобасы жүзеге асырыла бастап, олардың 11-і іске қосылды. Толық автоматтандырылған, озық технологиямен жабдықталған өндіріс орны – «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Өндіріс орны жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Жақында ғана 5,2 млрд теңгеге «Қызылорда-нан» кондитерлік, макарон, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін кешенінің 1-кезеңі іске қосылды.
2022 жылы қазан айында «Orda Glass» серіктестігінің жылына 197 мың тонна шыны өндіретін зауыты іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылғаны белгілі. Кейіннен осы өндіріс маңайынан шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру үшін ілеспе кәсіпорындар ашу бастамасын қолға алдық. Соның алғашқы нәтижесі 6,7 млрд теңгеге қуаттылығы 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасы жүзеге аса бастады. Алдағы уақытта инвестор құны 27,1 млрд теңге болатын қосымша 2 жаңа инвестициялық жобаны іске асырады. Шыны зауытының аумағында жалпы құны 67 млрд теңгеге жететін 3 жоба жүзеге асырылады. «Seven Rivers Technologies» серіктестігі немістің «Horn Glass» технологиясы бойынша жылына 240 млн дана шыны бөтелкесін шығара бастайды.
Машина саласында «Марал нұр» серіктестігінің жылына 740 жолаушы вагонын жөндеу кешені, азық-түлік өнеркәсібінде түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты жыл соңына дейін іске қосылады.
Мемлекет басшысының Қатар еліне жасаған сапарының нәтижесінде қуаттылығы 1 100 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысын жобалау жұмысы басталды. Ол үшін 250 гектар жер телімі бөлініп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу басталды. Жоба құны 892 млрд теңгені құрап отыр. Осыған байланысты Қызылорда-Жезқазған, Қызылорда-Шымкент арасында жоғары қуатты 500 кВт электр желілері салынады.
Биыл құны 553,6 млрд теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Келесі жылы «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі 17,3 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауытты іске қосады. Бұл өндіріс орнында 92 жұмыс орны ашылса, құны 150 млрд теңгеден асатын кальцийленген сода шығаратын өндіріс орнынан 800 тұрғын жұмыс табады. Қайта жаңғыртылып, 2027–2028 жылдары іске қосылатын «Шалқия» кен-байыту фабрикасында 1 540 жұмыс орны құрылады. Испандық «Roka Group» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде Үкімет басшысының алдында келісімге қол қойылды. Бұл салада еліміздегі алғашқы өндіріс саналатын бұл зауыттың құны 40 млрд 700 млн теңге, 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Тағы бір шетелдік инвестор – «Orient Ceramic» компаниясы облыста 27 млрд теңгеге керамикалық тақтайша шығару зауытын салуды жоспарлап отыр.
«FABE-Agro» компаниясы 86 млрд. теңгеге жылыжай салу, «КСТ Energy» компаниясы 3 млрд 300 млн теңгеге кальциленген-керамикалық тақтайша шығару, «Хучжоу Хэнан» компаниясы 8 млрд теңгеге автоклавты газобетон өндіру зауыттарының құрылысын бастайды. Аталған жобалар аясында 3 400 жұмыс орны құрылады.
Ауыл шаруашылығы саласында да алдағы үш жылда құны 62,1 млрд теңге болатын 34 жоба жүзеге асырылады деген жоспарымыз бар. Оның ішінде өңірімізде құны 40 млрд теңге болатын жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бар. Жобаны іске асыру мақсатында биылғы жылдан бастап жүгеріні кептіретін қоңдырғылар орнатылып, келер жылы күзде жиналатын өнімді қабылдау орындарын ашу, әрі қарай терең өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Келер жылы 10 мың гектарға жүгері егіліп, алдағы уақытта оның көлемі ұлғая береді.
Осы бағыттағы тағы бір ірі жобаны швейцариялық «HarvestAgro» компаниясымен іске асырамыз. Жоба аясында техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіру, қайта өңдеу бойынша аграрлық-индустриялық кластер құру көзделген. Құны 51 млрд теңгені құрайды. Бұл өндіріс орындары аграрлық аймақ ретінде біз үшін маңызды жоба болмақ.
– Кіші Аралдың күретамыры – Сырдария деңгейі жылдан- жылға азайып келе жатқанына бәріміз алаңбыз. Бұл егін шаруашылығы үшін де оңай болмай тұр. Мәселені шешудің жолы қандай?
– Өңірдің экономикалық, экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Су тапшылығы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің назарында тұрған мәселе. Облысқа жасаған сапарында жұртшылықпен жүздескен Президент су үнемдеудің жоғары технологиясын қолдану қажеттігін атап өтті. Бұл – дарияның басындағы мемлекеттерді де тығырыққа тіреп отырған проблема. Бірақ осыған қарамастан қыста Аралға өтетін суды молайтып, кіші теңіздің ауқымы ұлғайды. 2022 жылғы қазанда Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін азайған болса, биыл 22,8 млрд текше метрге артты. Мемлекет басшысының Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мен әрі қарай дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзілік банктің қайтарымсыз гранты есебінен «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника экономикалық негіздемесі әзірленді. Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов өңірге бірнеше мәрте арнайы жұмыс сапармен келіп, облыстың су шаруашылығы саласының мамандарымен, жергілікті тұрғындармен кездесті. Нәтижесінде, теңізді ұлғайтудың бірдеңгейлі нұсқасы қолдау тауып, Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 42 белгіден 44 белгіге биіктету ұсынылды. Бұл жобаны жүзеге асырудың арқасында теңіздегі судың көлемі 7 млрд текше шақырымға көбейіп, кепкен теңіз табанының 762 шаршы шақырымы сумен жабылады, судың минералдануы 8,89-дан 7,28 грамм/литрге дейін төмендейді, жайылымдықтар мен шабындықтардың көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлері бірнеше мәрте жұмыс сапарымен келіп, су нысандарының жұмысын, суару кезектілігінің тиісті деңгейде ұйымдастырылуын күндіз-түні бақылауда ұстады. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды, 25 насос қондырғысын көмекке жеткізіп, 2 ай бойы шаруалардың игілігі үшін үлкен жұмыс атқарды.
Үкімет резервінен 53 насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндеді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп, 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Сыр диқандары биыл 189 600 гектарға егін екті.
Оның 80,9 мың гектары күріш алқабы. Одан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды. Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Биыл диқандар күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, суды айтарлықтай үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырды. Облыстың өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдауға 9 млрд теңге қарастырылды. Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 8 100 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Үкімет басшысы біздегі су үнемдеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату туралы тапсырма берді.
– Осы күні шалғай ауылдардан қалаға көшіп жатқандар қатары көп. Бұл үдеріс әрі қарай жалғаса бере ме? Болашақта осы үрдіс ауылдың жағдайына, ондағы әлеуметтік нысандар жұмысына қалай әсер етуі мүмкін?
– Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны (облыс халқының саны 845 мың адам) немесе 53 пайызы ауылда тұрады. Қазір еліміздің барлық өңірлері қарқынды дамып, ірі өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Шалғай елді мекендерге ауызсу, газ тартылып, жол салынып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді.
Мемлекеттің ауылдарды дамытуға жасаған қолдауын Қызылорда облысынан айқын көруге болады. Аймағымыздағы Нағи Ілиясов, Бесарық ауылдарының тұрмысы қалаға бергісіз екенін мақтанышпен айтамыз. Биыл біздің тәжірибемізбен танысуға Абай, Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан келген делегация өкілдері осы ауылдардың дамуын жоғары бағалады.
Биыл қыркүйек айында өткен «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты форумда да бұл мәселені кеңінен талқыладық. Ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып қала береді. Біз жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы да ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, онда қолайлы өмір салтын қалыптастырудың қадамы. Кейінгі үш жылда бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, конкурс жеңімпаздарына 67 арнайы коммуналдық техника және қаржылай сыйақы табысталды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында аймақта 6 900 орындық 10 мектеп іске қосылды. Оның ішінде 5 мектеп ауылдарда бой көтерді. Биыл облыс орталығынан «Білімді қолдау қоры» арқылы 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынып, ел игілігіне табысталды. Білім ордасында оқуға еліміздің 17 аймағынан 1 445 оқушы өтініш білдіріп, білім бәйгесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген балалар қабылданды. Оның ішінде шалғай елді мекендердегі білімге құштар оқушылар да бар.
Ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында осы жазда Арал ауданының Ақбасты ауылына ауызсу жеткіздік. Облыс, аудан орталықтарынан шалғай жатқан аядай ғана ауыл тұрғындары осыған дейін ауызсуды жерасты құдығынан тасып келген еді. 3 млрд 100 млн теңге болатын жоба аясында ауылдың мәселесі шешіліп, ондағы жұрттың алғысын естідік. Биыл біз облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз.
Былтыр өңірде «Руханият жылы» жарияланып, 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын орталықтар салынды. Ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Әр ауданнан бой көтерген бұл орталықтар ауыл тұрғындарына да ортақ игілік. Аймақта әлеуметтік бағыттағы бастамаларымыз алыс ауылдар тұрғындарын да қамтиды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық аудандарында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік алынып, барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы да 6 спорт кешені ашылады. Осының барлығы ел бесігі саналатын ауылды сақтап қалу жолындағы маңызды жұмыстар.
– Биыл облыстағы жақсы жолдар үлесі 95 пайызға жетті. «Қызылорда–Жезқазған» күре жолының облыс аумағындағы бөлігі салынып, қатынас бұрынғыдан жеңілдей түсті. Ел енді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Ақтөбеге дейінгі бөлігін кеңейтуді күтіп жүр. Бұл жұмыс қашан жүзеге аспақ? Тағы бір өзекті мәселе – Қызылорда қаласында орталықтандырылған ыстық су жүйесінің болмауы. Осы жобалар туралы не айтасыз?
– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 қазанда Сыр өңіріне жасаған сапарында осы мәселелерді тұрғындар өтініші ретінде жеткізген едік. Президент қолдау білдіріп, жедел жобалау жұмыстарын бастауды тапсырды. Жобалауды тезірек аяқтау мақсатында демеушілер есебінен 350 млн теңгеге жоба сметалық құжаттама әзірленді. Қала маңында айналма жол салу жұмыстарына кірістік. Екінші бөлігі – Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техникалық экономикалық негіздемесі дайындалды. Жоба құны – 832 млрд 812 млн теңге. Жоба аяқталғанда жарты мың шақырымға жуық жол 1-санатқа ауысады.
Облыста 2022 жылдан бері 1 600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. 2021 жылы жақсы жағдайдағы жолдардың 75 пайыз болса, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетті.
Елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамырына айналған автокөлік жолдарының сапасына баса мән береміз. Бұл, ең алдымен, сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керектігін айтқан Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сапаны бақылауда ұстауда Жол активтері ұлттық сапа орталығының орны ерекше.
Президенттің Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес былтыр 186 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жетсе, биыл 237 көпқабатты тұрғын үйді қамтимыз. Осыған дейін қалалықтар ыстық су мәселесін электрлі жылытқыш арқылы шешіп келген. Оның шығынынан бөлек тиімсіздігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да қызылордалықтардың арманына айналған бас шаһарды ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесін кешіктірмейміз. Бұл жұмыстарға 26 млрд 200 млн теңге бөлінген. Жоба жыл аяғына дейін аяқталып, ел игілігін көреді.
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
