Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген «Orient Ceramic» компаниясы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Азизбек Жилоновпен кездесті.
«Биыл сәуір айында Ташкент қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен «Orient Ceramic» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.Бұл компания – Орталық Азиядағы керамикалық плитка өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Белгілі болғандай, осыған ұқсас жобаны біздің өңірде іске асыру мүмкіндігін қарастырудасыздар. Қызылорда облысының әкімдігі зауыт құрылысының барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын. Кеше Индустриялық аймаққа барып, бірқатар инвестициялық жобамен таныстыңыз, олардың қатарында қытайлық инвесторлармен бірлесіп іске асырылған шыны зауыты және кірпіш өндіретін зауыт бар.Биыл бұл жерде айна өндіру зауыты іске қосылады, жылына 220 миллион бөтелке шығаратын зауыттың құрылысы басталады. Испаниялық «Roca Group» компаниясымен бірлесіп санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру жобасы жүзеге асады.Биыл облыс аумағында жалпы құны 1 млрд АҚШ доллары болатын 14 жобаның құрылысы қолға алынады. Олар – кальцийленген сода өндіретін зауыт, «Шалқия» кен байыту фабрикасы, көкөніс-жеміс сақтау және алма шырынын өндіру кешені, бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйі, оңтүстіккореялық «With You» компаниясының қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты.Осы жылы түркиялық инвестор «Aksa Energy» компаниясы салған ЖЭО іске қосылады. Катарлық инвестормен бірлескен қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы басталады. Көріп отырғаныңыздай, өңірде ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті қуатты энергетикалық база қалыптасуда.Біз Индустриялық аймақтан жер телімін беру, түрлі жеңілдіктер көзделген инвестициялық келісімшарт жасау, сондай-ақ жобаны іске қосу үшін қаржы институттарымен (ҚР Даму Банкі АҚ) жұмыс істеуге қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Н.Нәлібаев.
Азизбек Жилонов та ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін айтып, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.Өңірде шикізат қоры жеткілікті, кварц құмы, әк және саз балшық бар, ал шыны зауытында далалық шпат өңделеді.
Қызылорда облысы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына айналды.Тек өткен жылы ғана жалпы құны 242 млн АҚШ долларын құрайтын 197 нысанның құрылысы салынды. Олардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, балабақшалар, мәдениет орталықтары және жеке тұрғын үйлер бар. Биыл 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Керамикалық бұйымдарға деген сұраныс өте жоғары, өткізу нарығы кең. Облыстың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасуы дайын өнімді Ресей нарығына экспорттауға зор мүмкіндік береді.
Қызылорда облысының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!