Аймақтың кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында құрылған «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 10 жылда 15,5 млрд теңгеге 2779 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 3140 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлер бюджетке 2 млрд теңгеге жуық салық төлеген. Бұл жайлы Өңірлік орталық директорының орынбасары Досжан Анасбаев айтты.
«Жобаларды қарастыру барысында Орталық ауылдық елді мекендерге басымдық берді. Мәселен, он жылда Өңірлік орталық арқылы қаржыландырылған 2779 жобаның 2595-і аудандар, ондағы елді мекендер, сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты ауыл азаматтарының кәсіпкерлік бастамасы», – дейді Орталық директорының орынбасары.
Кәсіпкерлік мақсаттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін алу барысында ауылдық елді мекен тұрғындары қиналатын кей мәселелер бар. Мысалы, несие алу үшін қойылатын кепіл мүлік. Бұл жағына келгенде Өңірлік орталық мәселені жан-жақты қарастырып, оңтайлы шешілуіне аса мән береді. Кепілге жылжымайтын мүліктен сабан үйге дейін, сондай-ақ жер телімдерін де алады.
Былтыр Өңірлік орталық 1,4 млрд теңгеге 129 жобаны қаржыландырды.
«Біз қазір жобаларды қаржыландыруда басымдықты өндірістік салаға беріп жатырмыз. Бұл жағынан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы жергілікті тауарөндірушілердің қатарын арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Өндіріспен айналысудың тиімді екенін жыл өткен сайын кәсіпкерлер де жақсы түсініп келеді. Былтырғы қаржыландырған 129 жобаның 53-і өндірістік, 42-сі қызмет көрсету саласынан болса, 25-і агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды қамтиды», – деді Досжан Анасбаев.
Осы орайда, шалғай аудан, ауыл тұрғындары жобаларын ұсынуда облыс орталығына келіп, уақыт жоғалтпаса да болады. Жобаларын өздері тұратын қала, ауданның кәсіпкерлік бөлімдеріне тапсырады. Ал аталған бөлім мамандары жобаларды жинақтап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына ұсынады.
Биыл Өңірлік орталықта өңдеу өнеркәсібін дамытуға 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Кәсіпкерлік мақсаттағы несие 6 пайызбен, 5 жылға дейін беріледі. Бүгінгі күнге дейін қалалық, аудандық әкімшіліктерден 55 өтінім түсті. Бұл өтінімдер несие комитетінде қаралып, 20 жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласының сол жағалауында мемлекеттік бағдарлама аясында ашылып жатқан шағын өндірістік аймақта кәсібін жүргізуге ниетті бизнес иелеріне де Орталық арқылы қолдау көрсету көзделуде. Аталған орталыққа орналасатын кәсіпкерлер құрал-жабдық үшін Өңірлік орталықтан 3 пайызбен несие ала алады.
«Қазір Қызылорданың қарқынды дамып жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның ішінде сол жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Соның бірі – мемлекеттің қолдауымен шағын өндірістік аймақты дамытуға жақсы жағдай жасалуда. Шағын өндірістік аймақта орналасқан кәсіпкерлер өнімдерін жанындағы коммуналдық базарға шығарып, тұтынушыларға ұсына алады», – дейді Өңірлік орталық басшысының орынбасары Досжан Анасбаев.
Өңірлік орталықтан кәсіпкерлік мақсатта несие алуға ниетті азаматтар қосымша сұрақтар туындаған жағдайда тұрғылықты жеріндегі қала/аудандық кәсіпкерлік бөліміне немесе «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына хабарласа алады. Өңірлік орталықтың байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-03-60, 40-02-37.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!