Барлық реформаны салмақты көзқараспен мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM.
– Өскелең ұрпақ бақытты және берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл — баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет. Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі бұл еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалғанын айтты.
– Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымда және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!