Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Онда президент қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары азаймай тұрғанын баса айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы бюджеттен қаржы жымқыру фактісі тыйылмай тұрғанын айтты.
«Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет.»Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның айтуынша, мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде.
«Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін президент осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанынын атап өткен болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
