Қазақстанда 15 мыңнан астам сотталушылар Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеген президент қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
“Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі”, – деді Тоқаев.
Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай президент орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтергенін атап өтті.
Амнистия 15 мыңнан астам сотталған азаматты қамтиды, олардың шамамен 2000-ы бостандыққа шығады, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады;
“Баласы бар әйелдерге, қарттарға, кәмелетке толмағандарға және басқа да әлеуметтік осал топтарға кешірім беріледі. Бұл – жаңылысқан адамдарға жасалған қадам, бірақ амнистия – бір реттік шара, жүйелі шешім емес. Қылмыстық-атқару жүйесіне терең реформа қажет: оқшаулау емес, қайта тәрбиелеу басым болуы тиіс. Түрмелер тек жазалау құралы емес, адамдардың қоғамға қайта оралуына көмектесетін мекеме болуы керек. Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат”, – деді мемлекет басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!