Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған саяси реформаларды атады, – деп хабарлайды KAZINFORM
– Сіздердің әрқайсыңыз ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, орын жатқан өзгерістердің логикасын жақсы түсінесіздер. Саяси жаңғыртудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін нығайту, мемлекетіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге төтеп беру қабілетін (резистенциясын) күшейту. Мұнда формальды өзгерістер емес, мемлекеттік институттардың мән-мағынасын оң бағытта трансформациялау, олардың өзара іс-қимылын жақсарту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, 2022 жылғы конституциялық реформалардың арқасында теңгерімді саяси жүйе қалыптастыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шара қабылданды. Заң үстемдігін нығайту және құқықтық мәдениетті орнықтыру мақсатында Конституциялық сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс сот шешімдерінің тепе-теңдігін азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына өзгертіп, оларға өздерінің заңды мүдделерін табысты қорғауға мүмкіндік берді.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтудегі маңызды қадам кассациялық соттардың құрылуы және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебе алуы болды. Сайлау жүйесі мен биліктің өкілетті органдарын қалыптастыру тәртібі жаңғыртылып, олардың саяси ықпалы мен өкілеттіктері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі әртүрлі идеологиялық көзқарастағы және саяси партиялардағы өкілдердің Парламент пен мәслихаттарға келуіне жол ашты. Ауыл әкімдерін сайлау енгізілгеннен кейін атқарушы билік жүйесінде де жаңару толқыны жүріп өтті. Маңызды конституциялық жаңалықтардың бірі – Мемлекет басшысының туыстарына басқару жүйесінде жоғары, негізгі лауазымдарды атқаруға тыйым салынуы болды, – деді Мемлкект басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
