Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында айтты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі күрделі ахуалда елге инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе.
«Бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі мекемелердің бірде-бірінің атауында «инвестиция» деген сөздің жоқтығына назар аударды.
«Инвестиция жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз орнын таппай отыр. Сондықтан Олжас Бектенов 10 күн ішінде нақты ұсыныс айтуы қажет», деп тапсырды Президент.
Сонымен қатар, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты жоспарды қысқа мерзім ішінде әзірлеу міндеттелді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!