Үкімет мүшелері Президенттің сынынан кейін Алакөл көлінің курорттық аймағына тексерді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл айналасындағы танымал туристік аймақтың демалушыларды қабылдауға дайын емесіне үкіметтің назарын аударған болатын. Мемлекет басшысы бұл аймақта қажет туристік инфрақұрылымның, сапалы қызмет пен қауіпсіздіктің жоқ екенін айтып, курорттарда шұғыл түрде тәртіп орнатуды және кінәлілерді жазалауды тапсырды.
Қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Алакөлдің қос жағында да тексеру жүргізіліп, әкімдік және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туристер ағыны артқанына қарамастан, бірқатар курорттық аймақта қызмет көрсету деңгейі қазіргі талаптарға сай келмейтінін атап өтті.
Алакөлде қауіпсіздіктің негізгі талаптары бұзылғаны анықталды. Тексеру барысында бірнеше жүйелі мәселе анықталды: кейбір жағажайларда санитарлық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, қалтқылар мен қоршаулар жоқ. Сонымен қатар, су көліктеріне бақылау жеткіліксіз, құтқару мұнаралары мен ақпараттық белгілер жетіспейді.
Тексеру қорытындысы бойынша мынадай тапсырмалар берілген:
- Жағажай аумағын санитарлық жабдықтармен күшейту;
- Қосымша қоқыс жәшіктерін сатып алу;
Қалтқылар желісін ұзарту және шағын кемелерге арналған қауіпсіз аймақтарды нақты белгілеу; - Киім ауыстыратын, душ қабылдайтын орындар мен қосымша абаттандыру мүмкіндігін қарастыру;
- Белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастырып, тенттер орнату;
- Құтқару мұнаралары мен суға қауіпсіз түсуге арналған баспалдақтардың санын арттыру;
- Ақпараттық тақталар мен жағажай аймағының сызба-карталарын орнату.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою үшін нақты мерзім берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!