Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңадан салынған тұрғын үйлерді табыстау рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, ел ағалары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңірдегі ауқымды жобаларды, құрылыс қарқынын, әсіресе, тұрғын үй құрылысындағы жетістіктерді атап өтті.


«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Өңірімізде құрылыс қарқынды, 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, бүгінде тұрғындар игілігіне қызмет етуде.
2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Облысымызда алғаш рет соңғы екі жылда барлық ауданда біржарым мыңға жуық пәтер салынып, жерлестерімізге берілді. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 322 пәтерлік 161 тұрғын үй аудандарда бой көтеруде.
Қармақшы ауданында да 2023-2024 жылдары 2 млрд. 848 млн. теңгеге 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді.Осы жолы тағы 50 пәтерлік 25 жаңа үйдіөздеріңізге табыстаймыз.
Бүгін – мемлекеттің қолдауын сезінген барлығыңыз үшін ерекше қуанышты күн!Баспаналы болу әрбір отбасын жақсылыққа жетелейді. Жаңа қоныстарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, әр шаңырақ татулық пен берекеге толы болғай! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!– деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Айта кетейік, 2023 жылы Қармақшы ауданының Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Өткен жылы Қуаңдария,Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынып, қазір ел игілігіне қызмет етуде.
Өңірімізде жарияланған «Руханият жылы»аясында аудандарда салынған «Руханияторталықтарының» бірі Қармақшы ауданында бой көтерді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақай ауылдарындажаңа спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді.

Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйледі.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен, ардагерлермен кездесіп, пікір алмасты. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағыты, алдағы бағдар туралы сауалдарға жауап беріп, жиналған жұртшылықтың ұсыныстарын тыңдады.




Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!