Сенбі, 14 ақпан, 17:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12 (2224)
14.02.2026
PDF мұрағаты

«Қарқынды дамитын қала»: Жаңа Конституция айрықша аумақтарды салықтан мүлде босатуы мүмкін

14.02.2026

63 0

Фото: Видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Референдум-2026» атты онлайн-марафонда жаңа Конституция айрықша құқықтық режим беретін «Қарқынды дамитын қаланың» мәртебесі елдің аумақтық тұтастығына қалай әсер ететінін айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM

— Бұл белгіленген аумақта экономиканы өсіруге арналған айрықша жағдайлар жасалады деген сөз. Ол аумақта инвестициялар, инфрақұрылым шоғырланады. Қарапайымдап айтсақ, инвесторлар мен жаңашыл бастамаларды тартатын алаң құрылады. Бұл біздің «ноу-хау» емес. Әлемде мұндай аумақтар бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Қытайдағы балықшылар ауылы 10 миллионнан астам халқы бар ірі мегаполиске, технологиялық хабқа айналды. Айрықша құқықтық режим салық бойынша, жер қатынастары бойынша, тіркелу бойынша, инвестициялық қызмет бағыттарында жеңілдіктер береді. Бірден айтқым келеді, бұл бүкіл елдегі билік жүйесінен ерекше болғанымен, оған балама ретінде қолданылмайды. Белгілі бір аумақта құқықтық ваккум пайда болады деп түсінбеу керек. Ол аумақта Конституцияның күші, сот бақылауы, прокурорлық қадағалау және экология стандарттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар жұмыс істейді, — деді депутат.

Оның пайымдауынша, айрықша құқықтық режим «қарқынды дамитын қалаға» инвестиция салған бизнестің шығынын азайтып, бюрократиялық кедергілерден арашалайды, салық жеңілдіктерін ұсынады.

— Тіпті салықтар мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Осының арқасында өңірде кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып, қаржылық базасы нығаяды, — деді депутат.

Оның әріптесі Асхат Рахымжанов айрықша құқықтық режим белгіленген аумаққа ғана емес, оған іргелес жатқан елді мекендерге де серпін беретінін айтады.

— Ондай қалаға айрықша мәртебе берілгенімен, Қазақстаннан бөліп шығарылмайды. Өйткені жаңа Конституция жобасында Қазақстанның аумағы бөлшектенбейтіні нақты бекітілген. Биліктің нақты сәулеті бар. Қарқынды дамитын қалалар туралы айтқан кезде оларға арналған Конституциялық заң қабылданатыны айтылған. Ал ол заң Конституцияға бағынып жазылады, яғни ол қаланың дамуы мемлекеттік органдардың бақылауында болады. Иә, ол аумақты басқарудың ерекшелігі болады. Бірақ ол ерекшелік аумақты елден бөліп әкету немесе басқаратын әкімдік пен мәслихаттарға артық өкілет беріледі деген сөз емес, — деді депутат.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: