Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қастерлі мереке

16.12.2023

440 0

Фото:

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

Әлихан Бөкейханұлы

Тәуелсіздік – қай халықта да киелі сөз,

қастерлі ұғым. Егемен ел болу – азат болу қоғамда тіршілік кешіп жатқан тірі пенденің арманы.Тарихты таразылап, өткеннен сыр шертетін болсақ, азаттық таңы атқанша қазақ халқы «тар жол, тайғақ кешуді», «зар заманды», «қилы заманды» да бастан кешірді. Қайсар халық өрлігі мен ерлігін әркез дәлелдеп, теңдігін алды. Тарих бізге, ұрпаққа бостандықтың бағасын белгілеп берді.

Бүгінде қайсар қазақтың ұрпағы екенімізді кеудемізді мақтанышқа толтыра айтуымыз да осы шығар. Ел шетін жау баспасын деп, бірлігі тозып берекесі қашпасын деп талай тарлан атқа қонды, жалындаған жас оққа ұшты, тұлымы желкілдеген бала ерте есейді. Аюдай ақырған күштілердің қол астында болып, қабағына қарап ас ішетін күннен алыстағанымызға 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Біздің мамыражай күй кешіп, ел қатарлы өмір сүруіміздің тағы бір дәлелі берекелі бірліктің арқасы. Қазақта: «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген ырысты сөздің құнары бүгінге дейін мәнін жойған емес. Төрелікке жараған төбе билері,жауға қарсы найза көтерер қайсар ұлдары, баталы сөзге жарыған аналары бар халықтың қашанда оты өшпесі анық.

Ұлан байтақ жері бар, намысын қолдан бермес ері бар Қазақстан тарих сахнасының төрінен орын алды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін құрметтейтін бостандықтың әр таңы бағалы. Ежелгі бабалардың арманы мен мақсаты тоғысқан бақытты кезеңге біздің куәлік етуіміз тарихи сәт. Қасық қаны қалғанша жер үшін, бостандық үшін күрескен қайсар қазақ тарихта «жауынгер қазақ » деген атпен белгілі. Бүгінгі ұрпақ ұрыс даласын, сұрықсыз тіршілікті көрмесе де, сол сәттердің белгісіндей тарихи фильмдерді көре отырып, өткен күнді бағдарлай біледі. Өзгелердің тұрмысына қызыға қарап, арманы алыстай көрінген күндер әлдеқашан ұмыт болды. Тәуелсіздік жолындағы бастан кешкен оқиғалар мен қилы тағдырлардың ерлігі егемендікпен бірге жасайды. Бабалар аңсаған бейбіт күннің нұрына шомылып оянудан артық сый болар ма, сірә? Жүрегі мен пейілі кең, қонақжай халықтың пейіліне бұйырған тәңірдің тәбәрігі шығар.

Ұстаз ретінде өскелең ұрпақтың бойына елжандылық сезімін ұялатуды парыз санаймын. Себебі кез келген адам өмірге келгенде патриот болмайды. Өскен ортасы, алған білімі мен берген тәрбиесінің арқасында өзіндік патриоттық сезімі қалыптасады. Яғни тарихты жасаушы тұлғалар туралы көбірек естеліктер айтып, ұлтының тарихын тереңнен танытып, жүрегіне ұялата білгенде ғана бүгінгі күннің қадірін білері сөзсіз. Қазіргі таңда «Қазақфильм» студиясы осы бағытта жаңа идеялар мен тың дүниелерді өмірге әкелді. «Алмас қылыш», «Томирис», «Қазақ хандығы», «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмдері соның жемісі. Өшкенді қайта тұтатып, өткенді оралтатын, қазақтың бітім болмысын, тұрмысы мен тіршілігін айна қатесіз сипаттап берген бұл фильмдер қазақ мәдениетіне қосылған жауһарлар. Әлеуметтік желіге таңылып, дөңгеленген дүниенің керекті керексіз жақтарын таразылаудан жалықпайтын ұрпаққа ең алдымен тарихын парақтап, қолда бардың қадіріне жете біліңдер дер едім. Себебі Тәуелсіздік қандай қиындықпен келсе, оны көздің қарашығындай сақтаудың да сондай қиын әрі құдіретті екенін ұмытпағанымыз абзал. «Өзгенікі таңсық, өзімдікі қаңсық» демей, қолдабар алтынды бақ деп бағалай білу де зор адамгершілік. Бүгінгі буынның алдында Тәуелсіздікті толықтыратын «тіл», «дін», «салт-дәстүр» сияқты құндылықтарды тұғырлы ету парызы тұр. Егемен ел атандық, шекарамыз шегенделді, ескіміз жаңғырды, жаңамыз болашақтың негізіне айналды. Тілі басқа болса да тілегі бір мыңдаған халықтың панасы болған Қазақстан мәңгілік жасауы тиіс. Хан Абылай:

«Білекке сенген заманда,

Ешкімге есе бермедік.

Білімге сенген заманда

Қапы қалып жүрмелік…» деп болашаққа өсиет қалдырған екен. Азат елдің ақ таңы атқанша семсерін құлатпаған жаужүрек бабаларымыздың ақ жолын енді біліммен жалғастыру бақыты бұйырды. Қазір білім бәсекесінің заманы туды.

Қазақстанның кемелденуі үш он жылдықтың еншісінде болса, төртінші онжылдық ұлттық құндылықтардың жаңа серпін алар кезеңі. Қазір жаңа ғасыр жаһандану дәуірі деген термин салтанат құрған кезеңде өткенімізді ұмытпастан, өшкенімізді жағып, ескіге жаңа леп беретін жауапты іс тұр. Бабалардан жеткен ұлы іс пен құнды мұраны жаңаша сипатта болашаққа аманаттау бүгінгі ұрпақтың борышы болуы тиіс. Егемен ел болу – ұлттың ұлт екенінің дәлелі. Басқа қонған бақты баянды, тәуелсіздікті тұғырлы етудің бір ғана жолы – ұлт болып ұйысу, бір болып бірлікке ұмтылу. Ұлттық код саналатын ұлттық құндылықтарымызды болашаққа аманаттау. Олай болса ұлтымыз ұлылық биігінен түспей, тәуелсіздігіміз тұғырдан таймасын! Ел бірлігінің айғағындай болған Тәуелсіздік мәңгі жасасын.

Тәуелсіз ел екеніміздің дәлелі салтымыз бен тіліміз, дініміз деп есептейтін болсақ, осы дүниелерді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Демек оны беру де оңай болмайды. Егемендіктің туын тұғырлы етудің қаншалықты маңызы бар екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру аға буынның борышы. Бүгінгі заман білімдінің бағы жанатын, өнерлінің өрісі кеңейетін заман. Ұлтұстазы Ы.Алтынсариннің:

«Өнер білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден

Жылдам хабар алғызды…..» деген болжамды ойы осындайда тіл ұшына еріксіз оралады екен. Олай болса, тәңір берген бақты баянды ету өзіміздің қолымызда. Ұлы мұраттар жолындағы көшіміз

көлікті болсын!

Шырынкүл Тұхмарова,

Қорқыт ата атындағы Кызылорда

университетінің оқытушысы

саяси ғылымдар кандидаты,

қауымдастырылған профессор

міндетін атқарушы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: