Сейсенбі, 19 тамыз, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62, 2175
19.08.2025
PDF мұрағаты

ҚазАгроҚаржы Қызылорда шаруаларына өтінім берудің онлайн-сервисін ұсынды

19.08.2025

64 0

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалында егін жинау науқанына орайластырылған Ашық есіктер күні өтті. Іс-шарада облыс аудандарының шаруалары, Ауыл шаруашылығы басқармасының, сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері бас қосты.

Қызылорда облысы – сын-қатер тәуекелдеріне бейім өңір: жұмыс жауын-шашынның маусымдылығына және судың қолжетімділігіне тәуелді болғандықтан, шаруалар үшін өнімді дер кезінде жинау мен техниканың үздіксіз жұмысы аса маңызды. Осы тұрғыда кездесуге қатысушылар машина-көлік паркін кідіріссіз жаңартуға мүмкіндік беретін құралдарға назар аударды. Филиал биылғы жылы лизинг бағдарламаларына 6,2 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр, оның 3,1 млрд теңгесі игерілді – 61 бірлік техника өңір шаруаларына табысталды.

Лизингке өтінім берудің жаңа онлайн-сервисіне жеке блок арналып отыр. Филиал мамандары бұл сервис бір қатысушысы бар қожалықтардың өтінімдері бойынша 10 минут ішінде шешім қабылдайтынын түсіндірді. Егер қожалық құрамында бірнеше қатысушы болса, құжаттарды тексеруге құқық департаменті қатысады; тіпті бұл жағдайда да құжаттарды қарау жеделдетіліп, екі күнге дейін ғана созылады. Техниканың сирек түрлерін ресімдеу кезінде, сервистік орталықтардың болуын нақтылау қажет болған кезде де осындай мерзім талап етіледі.

«Бүгінде цифрландыру агробизнестің ажырамас бөлігіне айналуда. Біз техниканы лизингке рәсімдеуге өтінім берудің онлайн тәсілін іске қостық және Қызылорда шаруаларына оның қалай жұмыс істейтінін тікелей эфирде көрсеттік. Сонымен бірге, біз шаруалардың әлсіз интернет, цифрлық сервистермен жұмыс істеу кезінде тәжірибенің жетіспеуі секілді қиындықтарға тап боларын да ескердік. Сол себепті «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының біздің бастамамызды қолдап, шаруаларға сервиспен жұмыс істеуде практикалық көмек көрсетуге келісуі аса маңызды», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Енді Палата қызметкерлері шаруалар үшін «жолбасшы» болмақ, өтінімдер толтыруға көмектеседі, әр кезеңде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

«Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға және бизнес өкілдеріне мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, сервистік қызмет және тағы басқа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі таныстырылған «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының жеңілдетілген лизингке онлайн өтінім беру сервисі кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге мол мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда, Палата тарапынан облыс көлемінде цифрландырылған онлайн өтінім беру жүйесін қала, аудан, ауыл кәсіпкерлеріне Палатаның кеңесшілері арқылы барынша түсіндіруге атсалысамыз», – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық.

Кездесу соңында «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев облыс шаруаларына жаңа ауыл шаруашылығы техникасының кілттерін табыстады. Компания Қазақстан өңірлеріндегі көшпелі кездесулерде лизинг бағдарламалары және цифрлық сервис жұмысы бойынша консультацияларын әрі қарай жалғастыра бермек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: