Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі теміржол арқылы өтетін аспалы көпірдің ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, жол инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жұмыстарды атап өтті.

«Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деген болатын.
Осы мақсатта өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 150 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өткен жылдың өзінде жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд. 605 млн. теңге қаралып, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде.Қазалы вокзалы жанындағы 1,3 млрд теңгеге салынған теміржол үстінен өтетін аспалы көпір – осындай байыпты бастамалардың жалғасы. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаяу жүргіншілерге арналған көпірді Әйтеке би кентінің арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғын қолданады. Бұл өткел арқылы 2 мыңнан астам адам күнделікті әрлі-берлі қатынайды. Сондықтан да жұртшылықтың теміржолдан қауіпсіз әрі тез өтуіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
Көпірді сапалы етіп салып, мерзімінде аяқтаған мердігер «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС-нің құрылысшыларына алғыс білдіреміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа көпір жақсылықтың бастауы болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Оразғали Бекбанов бата берді. Теміржол саласында еңбек ететін мамандар мен көпір құрылысын салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
