Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге Қазалы ауданындағы «Руханият орталығында» тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қазалылықтар негізінен жер кезегі, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су, электр желілерін жаңғырту, көшелерге түнгі жарықшамдар орнату, асфальттауға қатысты сұрақтар қойды.
Атап айтсақ, Аранды ауылының тұрғыны ауылға баратын автомобиль жолын асфальттау мәселесін қозғады. Бұл автомобиль жолына асфальт төсеу үшін ХТ ПТ «Мекен и К» жобалаушы мекемесі жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, сараптама қарауына ұсынған. Сараптаманың қорытындысы шығып, бюджеттен тиісті қаржы бөлінгеннен кейін жол құрылысы басталады.
Бозкөл ауылының тұрғыны электр желілерін жаңғыртуды сұрады. Ауылдың жеке тұрғын үй секторын электрмен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сол жылдың мамыр айында оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі қаралуда. Қаржы бөлінсе, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жоба аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Аймақ басшысы барлық сауалға орай заң аясында тиісті шара қабылдауды, мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын қарастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Бүгінгі қабылдауда 50-ден астам азаматтың өтініші жан-жақты қаралып талқыланды. Ал, облыс әкімі 25 тұрғынның сұрақтарына жауап берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
