Ташкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапарына дайындық жүріп жатыр. Өзбекстан астанасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы ресми сапарына қызу дайындық жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ташкент көшелері Қазақстанның мемлекеттік жалауларымен безендірілді. Қаладағы ірі медиаэкрандарда қос елдің туы бейнеленіп, Қазақстан басшысын қарсы алуға арналған арнайы құттықтау хабарламалары көрсетіліп жатыр.
Еске сала кетсек, 14-15 қарашада Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады.
Сапар барысында мемлекеттер басшылары тет-а-тет форматында келіссөздер өткізеді.
Сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14-19 қараша аралығында бірқатар маңызды іс-шараларға қатысады. Ол Астанада ауыл шаруашылығы форумын өткізіп, Ташкент пен Астанада Өзбекстан және Эстония президенттерімен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізетінін айта кетейік.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
