Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония президенті Алар Каристы қарсы алып, жоғары деңгейде келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекер басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қарайтынымызды айтып, Эстония президентінің бұл сапары екіжақты ықпалдастық пен достық байланыстарымызға тың серпін беретінін мәлімдеді.
Президент мырза, Сізді елімізде мемлекеттік сапармен қарсы алғаныма қуаныштымын. Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстарымыз да өркендей түседі деп үміттенемін, – деді Тоқаев.
Эстония президенті Алар Карис те әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр, дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешу керек екенін айтты.
Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Әлбетте, кейбір кедергілер бар, бірақ оны еңсеруге болады. Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине, әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр. Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет, – деді Эстония президенті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
