Мәжіліс «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату ұсынылған. Рақымшылыққа қылмыстық құқық бұзушылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, залал келтірілмеген немесе залал толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстар жатады. Сонымен қатар, залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар тобына да рақымшылық қарастырылған.
Алдын ала есептеулерге сәйкес, бұл рақымшылық 15 мың адамды қамтымақ: олардың ішінде 6 мың адам – бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар, 9 мың адам – пробация қызметінің есебінде тұрғандар.
Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдарға да жаза мерзімі қысқартылады. Атап айтқанда, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, не аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін келтірілген залал мен қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігі бестен бір бөлікке қысқартылады.
Жалпы алғанда, рақымшылық аясында жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебіндегі 5,5 мың адамға қолданылатын болады.
Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы 629 адам рақымшылыққа ілігеді, оның ішінде 57 адам босатылып, 572 адамның жаза мерзімі қысқартылады.
Рақымшылық қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға жеке қабылдайды. Бұл сот әділдігі мен заңдылықты сақтау үшін маңызды тетік болмақ.
Сонымен қатар, заңда онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарға қатысты қылмыстық істерді тоқтату ұсынылған. Бұл өзгеріс заң күшіне енгенге дейін жасалған, сотта қаралмаған істерге қатысты болады. Осылайша, 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады.
«Айта кету керек, рақымшылық жасау қылмысқа қарсы күресті күшейту аясында қылмыстық құқық бұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдар үшін шектелетін болады. Рақымшылық аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды», делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!