Қорғаныс министрлігі жастарды әскерге шақыруға қатысты рейдтер туралы түсініктеме берді, – деп хабарлайды turkystan.kz.
«БАҚ пен әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдардың таралуына байланысты Қорғаныс министрлігі келесіні хабарлайды.
Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуімен байланысты.
Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады.
Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді.
Мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз.
Осыған байланысты, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!