Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевпен, Сенат депутаттары, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Онда қоршаған ортаны қорғау, экологияны жақсарту мәселелері талқыланды.
«Қызылордада қорытындыланған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет» деп атап өткен болатын. Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатында жылдар бойы «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау» жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде бұл жоба Кіші Арал теңізін сақтап қана қоймай, өңірдің экологиялық және экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
2022 жылдың қазан айында Солтүстік Арал теңізіндегі
су көлемі 18 млрд. 500 млн. текше метрге дейін азайған болса, Президентіміздің қолдауымен бүгінде 22 млрд. 900 млн. текше метрге жетті. Қазір Көкарал бөгетін биіктету қолға алынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаражаты есебінен жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жұмысты биыл бастау жоспарланған. Жоба бойынша Көкарал бөгеті 42 метрден 44 метрге биіктетілгенде, теңіздегі су көлемі 27 млрд. текше метрден 34 млрд. текше метрге ұлғаяды», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесуде Әли Әбдікәрімұлы, Парламент Сенатының депутаты Жанболат Әкебайұлы өз пікірлерін білдірді.
Мұнан бөлек, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевпен, Сенат депутаттары, Экология және табиғи ресурстар вице-министрімен, Аэроғарыш комитетінің төрағасы Байқоңыр қаласында болып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, қаланың тыныс-тіршілігімен танысты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
