Кеше Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Вице-министр жұмыс сапарын облыс әкімдігінде еңбек нарығының жағдайы туралы мәжіліс өткізуден бастады.
Мәжілісті облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ашып, жүргізді.
Мәжіліске Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері, облыстық басқарма басшылары және өңірдегі әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.
Өңіріміздегі жұмыспен қамту саласында 2024 жыл қорытындысы және 2025 жылдың 5 айындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жұмабекұлы баяндады.
Вице-министр 2024 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде белгіленген барлық индикаторлардың артығымен орындалғандығын және республика бойынша алғашқы үштікте екендігін атап көрсетті.
Одан бөлек, Асқар Биахметов еңбек нарығындағы жаңалықтар ретінде мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мақсатында енгізілген «Инновациялық жобалардың навигаторы» (ИЖН) цифрлық платформасымен және Еңбек тәуекелдері картасымен таныстырды.
Мәжіліс қорытындысымен вице -министр тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне еңбек қатынастарын заңдастыру, көлеңкелі экономикадан шығару арқылы халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру, электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбек шарттарының уақытылы жасалуын, міндетті зейнетақы жарналарының мерзімінде аударылуын қамтамасыз етуді, жұмыс берушілер тарапынан жалған жұмысқа орналастыру әрекеттерінің болу деректеріне талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, вице-министрі аймақтың әлеуметтік-еңбек қатынастары мен өндірістік саласының дамуына қатысты бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Атап айтқанда, А.С. Биахметов Қызылорда шыны зауытына, «Қызылорда Саз-М» ЖШС заманауи кірпіш зауытына және Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орталығына барды.
Кездесу барысында вице-министр кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, еңбек жағдайлары, өндірістік қауіпсіздік, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылап, еңбек қатынастарын жетілдірудің өзекті бағыттарын атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!