Жексенбі, 22 желтоқсан, 23:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды

07.11.2023

933 0

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігімен азаматша А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Азаматша А. 13 қыркүйек 2023 жылы азық-түлік дүкенінде сатушы болып тұрып, этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнімін сағат 21:00 ден кейін сатқан деп, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

ӘҚБтК-нің 33-бабының 2-бөлігінде, егер осы бөлімнің ерекше бөлігінде көзделген іс-әрекетті (әрекетті не әрекетсіздікті) заңды тұлғаны басқару функцияларын жүзеге асыратын орган, тұлға немесе дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларын орындайтын қызметкері жасаса, рұқсат берсе, мақұлдаса, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа жататыны көзделген.

Алайда, азаматша А. азық-түлік дүкенінде сатушы қызметін ғана атқаратындықтан, ол ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық субьектісі болып табылмайды.

Осыған орай, азаматша А.-ға қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Айта кету керек, жыл басынан бері аудандық сотта 56 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, жекеше қаулылар қабылданған.

Медиация мәмілеге келтірді

Аудандық сотта талап қоюшы А.-ның жауапкер Б.-дан 600 000 теңге   өндіру туралы талабы медиация тәртібімен реттелді.

Іс құжаттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыдан қарыз ақша алып, оны қайтару жөніндегі борышын орындамаған. Осыған орай талап қоюшы соттан,  қарыз ақшасын өндіріп беруді сұраған.

Татуластырушы-судья тараптармен әңгімелесу барысында оларды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның, сондай-ақ сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы татуласудың тиімділігі мен салдарын түсіндірген.

Нәтижесінде тараптар дәлелдемелері мен дауды бейбіт жолмен реттеудің нұсқалары ұсынылған сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы татуласып, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасқан. Келісімге сәйкес жауапкер  берешек қарызын бір ай ішінде төлеп құтылуға міндеттенген.

Сот ұйғарымымен дауды реттеу туралы медиативтік келісім бекітіліп, іс жүргізу өндірістен тоқтатылды.

Бала тәрбиесі – жауапты іс

Бала тәрбиесі – бұл әрбір ата-ананың міндеті, оның өсіп-жетілуі мен болашағына жауаптылығы. Алайда, баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайлы қарайтын ата-аналар да бар.

Мәселен, Арал аудандық сотында кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған азаматша К.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Азаматша К. кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндеттерін орындамай, кәмелетке толмаған баласының автокөлікті басқару құжатынсыз басқарып, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекетін жасаған. Оның кінәсі іс құжаттарымен және кінәсін мойындаған жауабымен толық дәлелденген.

Сот қаулысымен К. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 48 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Жыл басынан бері аудандық сотта осы тектес 33 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, олардың барлығы бойынша әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылған.

Мас жүргізуші төрт жылға бас бостандығынан айырылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен айыпталған Х.-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды.

Сотталушы Х. сот үкімімен төмендегідей қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған. Атап айтқанда ол, Арал аудандық сотының 18 мамыр 2023 жылғы қаулысымен жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылған тұлға бола тұра, ағымдағы жылдың 11 маусымы күні автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы ережесінің талаптарын өрескел бұзып, жәбірленуші А.-ның басқаруындағы автокөлігіне соғып, жол көлік оқиғасын жасаған.

Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.

Сотталушының қылмыстық әрекеті өзінің кінәсін ішінара мойындаған жауабымен, жәбірленушінің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденген.

Сот үкімімен Х. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, көлік құралын жүргізу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот үкімі заңды күшінде.

Азаматтық іс татуласу келісімімен аяқталды

Арал аудандық сотында талап қоюшы А.-ның жауапкер Ж.-дан алимент өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.

Талап қоюшы талабында жауапкер Ж. әкесі болып табылатынын, қазіргі таңда өзінің күндізгі оқу бөлімінде білім алып жатқанын, соған байланысты материалдық көмекке мұқтаж екенін, алимент бойынша араларында өзара келісімнің жоқтығын көрсетіп, өзі 21 жасқа толғанға дейін жауапкерден 58 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент өндіруді сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік заңнамасында даулар мен  жанжалдарды альтернативті түрде шешу тәсілдері қарастырылған, солардың бірі татуласу келісімі болып табылады.

Сотпен тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу құқықтары және олардың құқықтық салдары түсіндірілгеннен кейін, тараптар татуластыру рәсімдерінің осы тәсілін таңдап,  сотқа өзара жасасқан татуласу келісімін бекіту үшін ұсынған. Оның шарттары бойынша, жауапкер талап қоюшыға 21-жасқа толғанғанға дейін ай сайын келісімде көзделген мөлшерде алимент төлеп тұруға міндеттенген.

Сот ұйғарымымен татуласу келісімі бекітіліп, іс жүргізу өндірістен тоқтатылды.

Арал аудандық соты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: