Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда аудан әкімдіктерінің мектеп жөндеуге қаражат бөле алмайтынын, бұл құзіретті облыстық бюджеттен кері қайтару керегін ұсынды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Н.Сабильянов Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін еске салды.
— Бұл бағытта өңірлерге сапар барысында ауыл әкімдерінің қаржылық дербестігін кеңейту, жергілікті салықтар мен шығыстарды басқару құзыретін нақтылауды жан-жақты талқыладық. Осыған орай, білімді қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайта беруді ұсынамын. Мысалы шалғай ауылдағы бір мектептің жылу жүйесі істен шықса, мәселені шұғыл шешу қиын. Оған аудан әкімі бюджеттен қаражат бере алмайды. Ол үшін облыстық бюджетті нақтылау керек, — деді Н. Сабильянов Президент қатысуымен өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда.
Яғни қазір 176 аудандық әкімдік сол аудандағы мектептерді жөндеуге, жаңа ғимараттар мен спортзалдарды салуға қаражат бөле алмайды. Сондықтан аудандарда білім саласын қаржыландыру аудандық бюджетте болғаны дұрыс, дейді депутат.
Сонымен бірге, спикер ауылдық жерлерде медицина мамандары тапшылығы мәселесін де көтерді. Мемлекет тарапынан ауылға барған жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақы — 8,5 млн теңге. Алайда талдау нәтижесі бұл тетік барлық өңірде бірдей және толық көлемде орындалмай отырғанын көрсеткен.
— Осыған байланысты аталған қолдау шараларын “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен тікелей үйлестіріп, әлеуетін күшейтудің маңызы зор. Бағдарлдама аясында дәрігерлерді ауылмен қатар шағын, моноқалаларға тарту үшін нақты тетіктер енгізуді ұсынамын. Ол үшін әлеуметтік қолдау, тұрғын үй және басқа да мүмкіндіктерді бір жүйеге келтірген жөн, — деп ұсыныс білдірді депутат.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды. Құрылтайдағы талқылауға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың,сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері келді.
Бұған дейін Н. Сабильянов Ұлттық құрылтай жаңадан құрылған облыстардың дамуына айрықша серпін бергенін, ел тарихында алғаш рет шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заң әзірленгенін айтқан еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
