Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірдің құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы сараланған жиналыс өтті. Оған облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, қала әкімі, жауапты сала мен құрылыс мекемелерінің басшылары қатысты. Аймақ басшысы бірінші кезекте құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды уақытылы пайдалануға беру керектігін айтты.
«Жаңадан пайдалануға берілетін нысандардың өңіріміз үшін маңызы зор. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің, 11 мың орындық жаңа стадион мен тұрғын үйлердің сапасына, мерзіміне қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Құрал-жабдықтары, жан-жағының абаттандырылуы толық дайын болуы керек», – деді Н.Нәлібаев.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 2023 жылдан бері 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Қызылорда облысында 6 мектеп ашылып, жұмысын бастады. Қалған 4 мектептің 3-еуі (Қызылорда қаласы Арай м/а 1500 орындық, Қызылжарма м/а 600 орындық және Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп) жаңа оқу жылына дейін, ал 1 мектеп (Қызылорда қаласы СПМК-70 м/а 1500 орындық мектеп) екінші тоқсанға дейін ел игілігіне табысталады деп күтілуде.
Қызылорда қаласында 11000 орынға арналған стадион қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Стадион жанында 1000 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP, 4 автобусқа арналған автотұрақ, жылу қазандығы, қоқыс төгетін орын және резервуар болады.Ғимараттың батыс секторында спортшылардың жаттығу алаңы, жуыну аймағы және киім ауыстыратын, төрешілер, жаттықтырушылар, массаж, допингтік бақылау бөлмелері, медпункт, комментатор кабиналары, конференц зал орналасқан. Ал шығыс секторы ауыр атлетика, бокс, гимнастика және акробатика, күрес, жаттығу, залдары, қыздырыну бөлмесімен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, жанкүйерлерге арналған санитарлық, тамақтану және демалыс аймақтары, кафетерий, VIP-аймақтар және VIP-кабинеттер бар. Биыл Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жеке құрылыс салушылардан 3022 дайын жаңа пәтер сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері Қызылорда қаласында 136 пәтер сатып алынды. Тамыз айының соңына дейін Сырдария өзенінің сол жағалауында «Сәт-Сервис» ЖШС салған 75 пәтерлік 1 тұрғын үйдің, «Ер-Ару и К» ЖШС салған 220 пәтерлік 3 тұрғын үйдің, «Мелиоратор» ЖШС салған 280 пәтерлік 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!