Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Құс шаруашылығы: Ішкі нарықты қамти аламыз ба?

20.01.2024

1052 0

Сурет: syrboyi.kz

Жыл басында құс еті тапшы бола ма деген қауіп айтыла бастады. Бұған себеп көршілес  Ресейде құс етімен қамтамасыз етуде қиындықтарға байланысты болса керек. Ет бағасы қымбат болған соң, тауық етін талғажау еткен қазаққа бұл да уайым. Алайда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Сенат отырысының кулуарында құс еті тапшы болады деп дабыл қағудың қажеті жоқ екенін айтты.

– Көрші елде құс етімен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтар бар деген қауесет бар. Мәселе құс етінің бізге Ресейден келетіндігімен байланысты. Бұл шамамен – 13%. Елдегі ет өндірушілер бірнеше жылдан бері құс етін сырттан әкелуге тыйым салуды ұсынуда. Жергілікті өндірушілер ел нарығын құс етімен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін айтуда, – деді министр.

Жыл басынан-ақ Ресейде құс еті тапшылығы туындады. Дүкендер мен түрлі аумақтарда, тіпті Мәскеудің өзінде құс еті табылмады. Құс еті өнімін тасымалдаушылар бұл қателік бірнеше күнде түзелетінін айтуда. Ресей президенті бұл мәселе бойынша үкіметке тапсырма беріп, құс етімен ішкі нарықты да, сонымен қатар көрші елдерге импорттауды қамтамасыз етуді тапсырған. Сондай-ақ Ресей үкіметі жұмыртқа бағасының қымбаттауына жол бермеуге бар күшін салуда. Дегенмен Ресейдің кейбір аймақтарында баға 20 пайызға қымбаттап үлгерген. Бұл мәселені шешу үшін ресейліктер жұмыртқаны Беларусь, Түркия, Әзірбайжан елдерінен сатып алуда.

Осы орайда «Құс етімен ішкі нарықты өзіміз қамтамасыз ете аламыз ба?» деген сұраққа жауап іздейтін кез келген секілді. Еліміздегі құс фермасының иелері өткен жылдан бері ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін айтып келеді. Құс өндірушілер одағының төрағасы Руслан Шәріповтің айтуынша, Ресейден келетін құс етіне шектеу қойылса, отандық кәсіпкерлер ішкі нарықты қамтамасыз етуге дайын. Бұл ақпарат былтыр «АРК новости» ақпараттық агенттігіне жарияланды.Құс өсірушілер одағы төрағасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың наурыз айында Ресейден келген құс еті ішкі нарықты жаулап алып, арзан бағада сатыла бастаған. Атап айтқанда, Ресейден тасымалданған құс етінің келісі 750-850 теңгеден, ал отандық өндірушілердің өнімінің келісі – 900 теңгеден жоғары болған-ды. Мұнан соң отандық кәсіпкерлер де бағаны түсіруге мәжбүр болды. Импорттық өнімдердің бағаны арзандатқанына және елдегі сауда желілерінің сөресін толтырғанына қынжылған кәсіпкерлер өндірістің табыстан гөрі шығыны басым екеніне шағымданған. Олардың айтар назы – Ресейден құс етін кіргізуге тыйым салу. Отандық өндірушілердің ішкі нарықты түгел қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. «Құс өсірушілер одағының» төрағасы отандық құс фермасы иелерінің мәселесін құзырлы орындарға жеткізгенмен, импорттық өнімдерге шектеу қойылған жоқ. Ал биыл отандық кәсіпкерлердің дегені болып, жыл басынан бері ресейліктерге құс етін импорттамақ түгілі, өз-өздерін қамтамасыз ету қиын болып тұр. Көрші елдегі құс етінің тапшы болуына соңғы кездері құс тұмауының жиі  қайталануы және басқа аурулардың шығуы себеп болған. Енді қалай болады? Шынында, отандық кәсіпкерлер ішкі нарықты құс етімен толық қамтамасыз ете ала ма? Бұл бағаның өсуіне әсер етпей ме? Бұл қазіргі көкейкесті сұрақ екені даусыз.

«Ресей құс етін экспорттауға шектеу қойған жағдайда отандық өнім өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз ете алады деп ойлаймын. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2022 жылы құс еті бойынша өнеркәсіптік өндірістің үлесі 97% (293 мың тонна) құраған, яғни отандық құс өнімін өндірушілер тұтыну көлемін 65 пайыз қамтамасыз етіп, импорт үлесі 35 пайыз болды, – дейді одақ бас­шысы. Ал алдағы уақыт­та ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін айтады.

«Отандық кәсіпкерлер бұл көрсеткішпен тоқтап қалмағаны белгілі. Құс шаруашылығын да­мы­тудың 2027 жылға дейінгі әзір­ленген бағдарламасы аясында жаңа құс фабрикаларының көлемін ұлғайту, кеңейту және құру есебінен құс өнімін 744 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Біз республиканы құс етімен 100 пайыз қамтамасыз етеміз, ал экспорттық әлеуетті 150 мың тоннаға дейін арттырамыз», – дейді «Құс өсірушілер одағының» басшысы Руслан Шәріпов. Соңғы жылдары Қазақстанда құс етіне деген сұраныс арта түскен. Кейінгі 9 жылда сұраныс 8 есеге артқан. Мәселен, 2000 жылы ішкі нарықта құс етін пайдалану 53 мың тонна болса, 2022 жылы 428 мың тоннаға жеткен. Сондай-ақ 2000 жылы құс етін тұтыну жан басына шаққанда 3,6 келіден келсе, бұл 2022 жылы 21 келіге жетіпті.

Жергілікті өнім өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етуге дайын болғанмен, бағада өзгеріс болуы мүмкін. Тағы да тиісті одақ басшысы Руслан Шәріповтің пікіріне сүйенсек, отандық өнім осы кезге дейін өзіндік құннан төмен бағаға сатылып келгендіктен, енді қымбаттайтыны анық. Тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлігінде ғана баға тұрақты болуы мүмкін екенін айтады.

Тұтыну артқан сайын баға да өзгеретіні белгілі. Елімізде өткен жылы да тауық етінің бағасы қымбаттағаны байқалады. «Ranking.кз» сайты жариялаған мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың қазан айының қоры­тындысы бойынша, құс еті бір жылда 5,7 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде тауықтың төс еті – 8,2 пайыз, сан еті – 7,5 пайызға қымбаттапты. Бұл –өткен жылғы баға. Жыл басы­нан бері жұмыртқа баға­сы қымбаттағаны белгілі. Тіпті күн сайын өзгеріп жатыр десек артық айтқандық емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 3 қаңтарында жұмыртқа бағасы бірден 13,5 пайызға қым­баттаған. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болды.  Мұны министр де мойындап отыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев БАҚ өкілдеріне берген брифингте жұмыртқа бағасының қымбаттағанын жасырмады.

– Шынымен де, жұмыртқа бағасы көтерілді, оны жасырмаймыз. Біз шамамен 2,5% өсім көріп отырмыз. Атап өту керек, бұл маусымға байланысты, мысалы қыста тұтыну артады да, баға көтеріледі. Ал жазда баға арзандайды. Жұмыртқаға қатысты жағдай бақылауда деуге болады, бізде жұмыртқа тапшылығы болмайтынын түсінеміз. Ең бастысы – баға, сондықтан мұндай шарықтау динамикасы болмайды. Құс етіне келетін болсақ, бізде импортқа тәуелділік бар, бірақ нарыққа келетін ағындар әртараптандырылған. Яғни импорттың бір бағы­ты қысқарса, басқа бағыттағы импортты ауыстырып, алмастыруға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан сөрелерде жұмыртқа мен құс еті болады деп сенімді айта аламыз, – деді министр.

Орайы келгенде өңірдегі жағдайды айта кеткеніміз жөн. Атап айталық, облыстағы жалғыз құс фермасы тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы нарық қыспағынан тірлігі шатқаяқтап жабылып тынғаны белгілі. Мұнан кейін есік алдында тауық баққан шағын кәсіп иелері болмаса облыс нарығын қамтамасыз ететіндей ірі құс фермасы бүгінгі күнге дейін болмағаны сырбойылықтарға аян. Дегенмен кейінгі жылдары өңірде құс шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Әсіресе аудандарда ірі құс фермалары іске қосылып, жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, Шиелідегі «Шиелі құс» фермасы, Қармақшы ауданындағы «Қармақшы құс» зауытының жұмысы жолға қойылып, нәтижесі елге сезіле бастады.   Өңірдегі құс зауытының жайын білу үшін «Қармақшы құс» зауытының басшысы Нұрлан Іздібаевқа хабарластық. Кәсіпкердің айтуынша, пайдасынан бейнеті басым құс шаруашылығын жолға қою үлкен еңбек пен қажыр қайратты қажет етеді екен.  Зауыт бүгінде жылына 1,5 мың тонна құс етін өндіруге лайықталған.

Өңірдегі құс шаруашылығының бүгінгі жайын білу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық. Басқарманың баспасөз хатшысы берген мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарына 119,3 мың құс тіркеліп былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 95,2%-ды құрады. Есепті кезеңде 7 843 мың дана жұмыртқа өндіріліп, 2023 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда жұмыртқа өндірісі 96,9%-ды құрап отыр. Облыс бойынша тауық етімен 0,2%, жұмыртқамен 3,6% қамтамасыз етуде.

Мақала әзірлеу барысында жұмыртқа бағасын білу үшін дүкендерге бас сұқтық. Бүгінде облыс орталығындағы дүкендерде жұмыртқаның бір данасы – 68-70 теңгеден сатылуда. Бұл жылдағы жағдай секілді көрінгенмен, шешімін табуы тиіс көкейтесті мәселе екені даусыз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: