Жұма, 22 қараша, 04:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда-Мәскеу: Алғашқы әуе рейсі

07.10.2023

294 0

Құрметті оқырман, Қызылордада Мәскеуге бағыт алған алғашқы ұшақ ұшқанын естіп пе едіңіз? Қызылорданың 1925-1929 жылдары елдің бас қаласы болғанын тарихтан білеміз.

Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.

Сол тұста әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы  маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылордадан ПО-ұшағы көтеріліп, Мәскеуге бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашқан алғашқы рейс болатын.

Әрине, қазақ аспанында ұшақтар бұдан бұрын да самғаған. Дәлел ретінде Жосалыдағы әуежайды алсақ болады. Дегенмен Қызылордадан Мәскеуге жол ашқан алғашқы әуе рейсі  1926 жыл болып тарихқа енді. Біз бұл деректі белгілі журналист «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Қожановтың Қызылордасы» атты мақаласынан алдық. Ол өз кезегінде құнды деректі тарихшы Кереевтен алғанын мәлім етті.

Әуе кеңістігі, көкке самғау жайлы әңгіме қозғалғанда Байқоңырға тоқталмай кету мүмкін емес. Өйткені Сыр топырағындағы бұл ғарыш айлағынан адамзат баласы тұңғыш әуе кемесін ұшырған.

1957 жылдың 4 қазанында «Байқоңырдан» тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігін орбитаға шығарды. Бұл жерден 1961 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілді. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов көк төсіне самғады.

Әңгіменің ауанын ұшақпен бастаған соң ұшақпен аяқтайық. Дәл қазір Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр.

Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратовтың қоры өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдіргені белгілі. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды. Құны 33 миллион долларды, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екі қабатты болады. Жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болуы үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады.

Жергілікті әкімдік нысанға инфрақұрылым жүргізуде. Терминал құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарланған.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: