Ішкі істер министрінің кеңесшісі, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков Қызылорда облысының полиция ардагерлерімен кездесті. Ақсақалдар мен облыстық Полиция департаментінің басшылығы ардагерлер ұйымының жұмыс нәтижесін талқылап, жаңа төрағаны сайлады.
Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдарының ардагерлер Кеңесінің алдында ауқымды мақсат, міндеттер тұр. Олардың қатарында полиция ардагерлерін қолдау мен мұқтаж жандарға көмек көрсету де бар.
Құқықтық тәртіп қызметінің ардагерлері уақыттың сынына бой алдырмай, жас қызметкерлерді тәрбиелеу ісіне ат салысып жатыр. Жалпы облыс бойынша 13 ардагерлер ұйымы жұмыс жасауда. Ардагерлер кеңесінде 2 730 зейнеткер мүше ретінде тіркелген.
Көпшіліктің таңдауы бойынша ардагерлер Кеңесінің жаңа төрағасы болып Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетов сайланды.
Әмірбек Шаймағамбетов 1963 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Өскемен жол құрылысы институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қызылорда ҚІІБ МАИ бөлімінің бастығы, Қызылорда ОІІБ МАИ басқармасы бастығының орынбасары, Криминалды полиция басқармасының ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары, Сырдария АІІБ-і бастығы, Қызылорда ОІІД Көші – қон полициясы басқармасы бастығы, Қызылорда ҚІІБ-ның бастығы, Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Полиция полковнигі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының мәслихат депутаты, «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».
Саналы ғұмыры полиция қызметінде өтті. Осы уақытқа дейін еңбек жолын енді бастаған жас қызметкерлермен жиі кездесіп, ақыл-кеңесін айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп келді. Ардагерлер кеңесінің алдына көпжылдық тәжірибемен ұштасқан зор міндеттер қойылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!