Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық округінде қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясын іске қосу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Қазыбек Иса, «ҚазАтомӨнеркәсіп» акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков, «Хуадиянь Қазақстан Энерджи» компаниясы бас директорының орынбасары Лю Тченг, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа станцияның ашылуымен құттықтап, өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
«Президентіміз «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатында «Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты», – деген болатын. Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды дамытудың ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдарын айқындайтын жыл болатынын жеткізді.
Бүгінде облысымыздағы қарымды жұмыстардың қуанышты сәтіне Өздеріңізбен бірге жетудеміз. Қытайлық «Хуандиан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған «Тесис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 40МВт-тық күн электр станциясы іске қосылады.
Қазіргі таңда аудан тұрғындары сағатына 15,5 МВт электр энергиясын тұтынады. Жаңа станция Шиелі ауданымен қатар облыстың басқа да қажеттіліктерін өтеп, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етеді. Жаңадан ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жобаға 11 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік қолдау ретінде 80 гектар жер телімі берілген.
Одан бөлек, 6 млрд. теңгеге қуаттылығы 20 МВт-тық күн электр станциялары салынуда. Бұл жобалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жаңа серпін береді.
Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы, келешегінің жарқын болуы Сіздерге, еңбекқорлықтарыңыз бен ауызбірліктеріңізге байланысты. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!», – деді аймақ басшысы.
Жиында ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен күн электр станциясын іске қосқан сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Қызыбек Иса сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
