Сыр өңірінде экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасты. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде хабарлады.


Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар туралы баяндады.

«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында өткен 11 айдың қорытындысымен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығының өсімі қамтамасыз етілді.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. 100 млрд. теңге (108,1%), жыл қорытындысымен 3 трлн. 700 млрд. теңгеге жетіп, 6,5 пайыздық өсім қамтамасыз етіледі (2021 жылмен салыстырғанда 2 есе артық).
Аймақ бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өсті. Оның 56 пайызы (477,6 млрд тг) әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,4 есе артты.
Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн. 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылса, биылға 631 млрд. 400 млн. теңге жоспарланған. Бүгінде жаңа жобаларды іске қосу арқылы жоспар 750 млрд. теңгеден асып, 13,7 пайызға артығымен орындалды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға өсті, жеке инвестицияның үлесі 70 пайыз.
Кәсіпкерлікті қолдауға 2022-2024 жылдары әртүрлі көздерден бөлінген 203 млрд. 81 млн теңгеге 16 634 жоба қаржыландырылды. Оның 37 млрд. 962 млн. теңгесі – мемлекеттік бағдарламалар қаражаты. Биыл 40 млрд. теңгеге 2 464 жоба қолдау тауып, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 21% болады.
Облыс экономикасының негізі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы 3 жылда 43 млрд. теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен келіссөздер жүргізіліп, 2023 жылы 6 қарашада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект институты ашылды.
Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастырамыз», – деді Н.Нәлібаев.


Айта кету керек, бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға жан-жақты, терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 млрд. теңге қаржы үнемделді.
Оның ішінде, білім саласынан 64 млрд. 300 млн. теңге, мәдениет және спорт саласынан («Арт-спорт» бағдарламасынан) 15 млрд. 400 млн. теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд. 200 млн. теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу барысында 20 млрд. 100 млн. теңге қаржыны үнемдеу шаралары қабылданды. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.



Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасын кәсіпкер-меценаттар, қоғамдық қорлар белсенді қолдап, Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. 2022 жылдан бері кәсіпкер азаматтар аймақтағы жаңа жобаларға 55 млрд. теңгеден астам қаржысын салды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
