Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен InnoFest Qyzylorda 2025 инновациялық идеялар фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Оған ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар мен жастар қатысты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді анықтау.

Рәсімде облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтады.
“Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бізге жасанды интеллект технологиясын дамытатын, оны күнделікті өмірге енгізе алатын мамандардың жаңа буыны қажет. Жастар ІТ саласын, стартап мәдениетін, жасанды интеллект пен Big Data технологиясын меңгерсе, Қазақстанның болашағы мықты болады» деп, алдағы үш жылда еліміздің цифрлы мемлекетке айналуы керектігін атап өтті. Қызылорда экожүйесі дамыған, цифрлы мүмкіндіктері бар жаңа заманның жаңғырған қаласы ретінде жасанды интеллект жобаларын батыл енгізетін аймақтардың бірі болуы керек. Бұл бағытта цифрлық технологияларды дамытуға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді.
Шын мәнінде, InnoFest – мүмкіндіктер алаңы. Бүгін де араларыңыздан жасанды интеллектті жаңа деңгейге көтеретін, қазақстандық нейрожүйе жасайтын жас ғалымдар мен инноваторлар шығады деп сенеміз. Сондықтан өз идеяларыңызды нақты өнімге айналдырудан қорықпаңыздар! Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз! Қатысушыларға сәттілік тілеймін!”, – деді Әділхан Мерекеұлы.


Жобаның жүлде қоры 5 400 000 теңге, әр секциядан үздік шыққан жастарға Халықаралық ІТ, Астана ІТ, Қорқыт Ата, «Болашақ» және Ашық университеттерінің оқу гранттары, фестиваль серіктестерінен бағалы сыйлықтар табысталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!