Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері және экобелсенділердің қатысуымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды экологиялық акция өтті.

Бұлақтар мен жағалау аумақтары тазартылып, оған 16 000-нан астам адам қатысты, 425 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмыстың сапалы әрі жедел орындалуына мүмкіндік жасалды.

Өңірдің барлық ауданында Сырдария өзенінің жағалауы, Арал ауданындағы «Ақеспеде», Жаңақорған ауданындағы «Қайнарбұлақта» табиғи су көздері тазартылып, маңы абаттандырылды.

Жалпы бұлақтар су ресурстары тапшы аймақтар үшін баламалы су көзі ретінде ерекше маңызға ие. Осындай игі бастамалар табиғатты қорғаудағы ортақ жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сүбелі үлес қосады.

Айта кету керек, аймақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыс атқарылуда.
Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен демалыс орындары, балалар ойын және спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілуде.

Соңғы жылдары бюджет және демеушілік қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілді. Сонымен қатар, жуырда Президент саябағы қайта салынып ашылды.
Ауылда қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындарды тазалық мәдениетіне ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып келеді. Аталған жобаға соңғы үш жылда 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік деп танылған елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуда «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен 9 жоба қолға алынған.
Жаңақорған ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, қажетті құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 8 жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамадан өткізіп, қаржыландыру үшін тиісті келісім-шарттар жасалуда.
Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынып, іске қосылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
