Бүгін Қызылорда қаласында «With You Kyzylorda» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 млрд. 100 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.
Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд. теңгеге жылына 240 млн. шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы.
Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд. 500 млн. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.
Алғашқы кезеңде 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.
Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс.
Өркениетті қоғамда өз қоқыстарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған байыпты бастамаларымыз нәтижелі болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Жақсылыққызы, Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 млрд. теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 млрд. теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 млрд. теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!