Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысының барысымен танысты.Бас мердігер «Мелиоратор» серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны 36 млрд 416 млн теңге, құрылыс аумағы 47,9 мың шаршы метр. Нысан 10 блоктан, атап айтқанда, емхана, пансионат, конференц-зал, тамақтану, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химио және радиотерапия, сондай-ақ, операция бөлімдерінен тұрады. Заманауи талаптарға сай аурухананы 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.




Аймақ басшысы бұл өңірдің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама екенін атап өтті.
«Алдағы уақытта Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен Қызылордада бірнеше медициналық нысан салынады. Осы аурухананың іске қосылуын халық күтуде. Жаңа көпбейінді медициналық орталық аймақ тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне тың серпін береді. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болады. Басты мақсат – халық игілігі үшін заманауи әрі қолжетімді емдеу орталығын уақытылы іске қосу», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес 12 облыста заманауи перинаталдық орталықтар салу көзделген. Қызылорда қаласында халықаралық тәжірибе мен жаңа медициналық технологиялар енгізілетін 200 төсектік заманауи перинаталдық орталық салу жоспарлануда. Нысанға 2,7 гектар жер учаскесі бөлінді. Алдағы жылы республикалық бюджет есебінен құрылысы басталады. Жоба құны 48,8 млрд теңге.




Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауына орналасатын 500 келушіге арналған емхананың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 148 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылған, қорытындысы 15 қарашаға дейін алынбақ. Жобаның құны шамамен 14 млрд теңге, құрылыс келесі жылы басталады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!