Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2025) өтті.


Форумға 50-ден астам елден мыңнан астам қатысушы, атап айтқанда, өнеркәсіп, энергетика, АӨК, қаржы, фармацевтика, консалтинг және басқа да салалардағы халықаралық, отандық компаниялардың басшылығы жиналды.
KGIR-2025 алаңында $7,5 млрд-тық 49 құжатқа қол қойылды, оның ішінде $3,8 млрд-тық 13 коммерциялық келісім Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен рәсімделді.

Жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Harvest Agro компаниясымен бірлесіп, өңірде ірі агроиндустриялық кластер құру жөнінде үшжақты негіздемелік келісімге қол қойды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен Fabe Agro ЖШС арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жылыжай кешені инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық меморандумы жасалды.

Harvest Agro компаниясы 21 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру, қайта өңдеу бағытында агроиндустриялық кластер құруды көздейді. Кешен құрамында жылына 60 мың тонна шикізат өңдейтін май сығу зауыты салынып, 150 адам жұмыспен қамтылмақ.
Fabe Agro компаниясы жылына 45 мың тонна өнім өндіретін заманауи жылыжай кешенін салуды жоспарлаған. Кешенге сол жағалаудан 250 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны 134,5 млрд теңге, іске қосылған соң 1200 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Аталған бастамалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының құрылуына жол ашады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
 
				 
					