Бейсенбі, 25 қыркүйек, 18:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№72, 2185
23.09.2025
PDF мұрағаты

Қызылордада «Жүйелі қайырымдылық: тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті

25.09.2025

105 0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы Өнер орталығында «Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті.

Қызылордада «Жүйелі қайырымдылық: тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті


Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен 2022 жылы құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жыл сайын өңірлермен, ірі бизнес субъектілерімен және коммерциялық емес ұйымдармен өзара іс-қимыл шеңберінде ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізіп келеді. Басқосуға «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, облыстық мәслихат төрағасы, жауапты сала басшылары, қор қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңір тұрғындарына көрсеткен қолдауы жайлы айтты.


«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу мақсатында құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, бірлескен жобалар іске асып келеді. Қор құрылғалы бері 10 млрд. теңгеден астам қаржы аймағымыздағы маңызды әлеуметтік жобаларға бағытталды.
Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласына қаралған 4 млрд. 800 млн. теңгеге облыстық балалар ауруханасында, Жаңақорған, Арал аудандарында «Қамқорлық» орталықтары ашылды. Арал ауданындағы орталық қызметін көрші Ақтөбе облысының, Жаңақорған ауданындағы орталық қызметін Түркістан облысының тұрғындары да пайдаланып, оңалту шараларымен қамтылды.
Қор қажетті дәрі-дәрмек алу, орталықтарды жабдықтау, медицина мамандарын шетелде оқытуға да қолдау көрсетті. Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады. Кешен қазіргі таңда өңіріміздің шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде.
«Қазақстан халқына» қоры келесі жылы медицина саласындағы жобаларға 2 млрд. 600 млн. теңге бөлуді жоспарлаған. Оған онкологиялық ауруларды тиімді емдеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтар (линейный ускоритель) сатып алынады.
Сондай-ақ, аутизмге шалдыққан және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларды әлеуметтендіруге арналған орталық ашылады. Орталық жыл сайын 600 балаға қызмет көрсетпек.
Білім беру саласына 2 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңге бөлініп, 8 мектептің физика, химия, биология, робототехника, компьютерлік кабинеттері қайта жабдықталды, ауыл балалары жазғы лагерьлерде демалды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы интернаттардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. «Болашақ инженерлер» жобасы аясында 9 мектепке робототехника құрылғылары алынып, тиісті мамандар арнайы оқудан өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 500-ден астам студентінің «Курсера» әлемдік платформасында білім алуына мүмкіндік жасалды.
Алдағы жылы білім беру саласында тағы 2 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асады. Атап айтқанда, облыстың 50 мектебіне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесі енгізіледі, физика, химия, биология кабинеттері жабдықталады, 8 шағын жинақты мектептің материалдық базасы нығайтылады.
Қор аймағымыздағы спорт инфрақұрылымын дамытуға 2 млрд. 700 млн. теңге бөліп, нәтижелі жұмыстар атқарылды. Биыл 348 млн. теңгеге Шиелі ауданының Досбол датқа ауылында, Жалағаш ауданының Аққыр ауылында заманауи спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталды. Сырдария, Қармақшы аудандарындағы спорт кешендері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін «Қазақстан халқына» қорының ұжымына Сыр жұртшылығының атынан тағы да зор алғысымызды білдіреміз», – деді Н.Нәлібаев.

Қызылордада «Жүйелі қайырымдылық: тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті


Жиында Ләззат Шыңғысбаева сөз сөйлеп, қор қызметінің маңыздылығына тоқталды.
«Жүйелі қайырымдылық – бұл уақытша шара емес, ұзақ мерзімді өзгерістерге жол ашатын нақты іс. «Қазақстан халқына» қоры үшін бұл – адамдардың өмірін өзгертетін, болашаққа үміт сыйлайтын тұрақты жобалар. Біз мемлекет, қоғам және бизнес әріптестігі арқылы ғана шын мәнінде елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз. IV конференция – бұл үш жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы. Бұл – тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер іздеу және қордың өңірлерге көрсеткен нақты көмегін таныстыру алаңы. Мұның барлығы келер ұрпақтың мұрасына айналады», – деп атап өтті.

Қызылордада «Жүйелі қайырымдылық: тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті


Айтулы шараға еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық делегат қатысты.
Конференция мазмұны «Тұрақтылық», «Серіктестік» және «Мұра» атты үш негізгі бөлімнен тұрады, әрбір бөлім жүйелі қайырымдылықтың маңызды бір қырын ашып көрсетуді мақсат еткен. Қордың қолдауына ие болған 12 азамат өз оқиғалары туралы, игі істің өмірінде, ұжымында қандай оң өзгерістерге жол ашқанын айтып берді.
Өнер орталығының фойесінде өткен «Қазақстан халқына» қорының жобалар көрме-жәрмеңкесі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бастамаларды біріктірді. Қонақтарға жаңа жабдық қана емес, өзгерістердің нақты нәтижелері көрсетілді.
Айта кетейік, бүгінде қордың және облыстық бюджеттің қаржысына қаламыздың сол жағалауында құны 2 млрд. 900 млн. теңге болатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Нысан алдағы қазан айында пайдалануға беріледі.

Қызылордада «Жүйелі қайырымдылық: тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті


Келесі жылы 6 спорт мектебі жабдықталады. Мүгедектігі бар балалар мен жастар инновациялық протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында 283 млн. теңгеге 95 құрал-жабдық сатып алынды. Қармақшы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін «Дәметкен Ана» орталығының материалдық базасы нығайтылды. Бүгінде орталықта оңалту қызметін алатын 30 бала бар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: