Қазақстанда қызылшаға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Біздің облыстағы көрсеткіш те көңіл көншітпей тұр.
2023 жылдың басынан бастап аймағымыздақызылшаның 1240 жағдайы тіркелді, оның ішінде 1080дерек – 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. 80% вакцинацияланбаған балаларға тиесілі екенін айта кету керек. Қызылша ауруының тіркелуі облыстың барлық өңірлерінде орын алды, басым көпшілігі облыс орталығының үлесінде.
Қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл ден қою шаралары қабылданды.Соның бірі – Қазақстан Республикасы халқының арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы қабылданып, соған сәйкес 06 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау басталды. Алдымен 6-11 айлық балаларды қызылшаға қарсы екпемен қамту жүргізілсе, олардың қатарына 2-5 жас аралығындағы балалар қосылды. Сонымен қатар науқастармен тікелей байланыста болғандығы себепті қауіп тобына жатқызылған, бұған дейін ауруға қарсы екпе алмаған медициналық қызметкерлер де қосылды. Бүгінгі күні аталған контингент бойынша барлығы 20834 екпе алды. Қосымша жаппай иммундау шарасы әлі де жалғасуда. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылша ауруын жұқтырып алу қаупін төмендету және ауыр асқынуларының алдын алу мақсатында екпе жасатуға кеңес береді. Қызылшаның арнайы емі жоқ, тек вакцина арқылы аурудан қорғануға болады. Қызылша пневмония, отит, ми қабынуы, энцефалит, менингит сияқты өзінің асқынуларымен қауіпті екендігін еске салады. Сондықтан Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп, сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырамыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!