Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында.
Президент 2023 жылы халыққа Жолдауында суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталып, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық жобалардың, су нысандарын салуға және қалпына келтіруге бөлінген қаражат пен шетелдік инвестицияның, маман тапшылығын жоюдың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиясын қолдану, су дипломатиясын күшейту шараларын атап өтті. Су ресурстарын дамытуға үлес қосқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.
– Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су, дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Былтыр «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бекітілді. Бүгін осы атақ бірқатар ардагерге берілді.

Марапатталғандар қатарында Қызылорда облысының су шаруашылығы мамандары да бар. Сала ардагері Сұлтанбек Тәуіпбаев «Парасат» орденіне ие болды. Ал су нысандарын басқаруда біліктілігімен көзге түскен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров пен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Қызылорда су торабы» өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Мақсұт Өтеулиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Аймақтың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарды тиімді пайдалану және суармалы егіншілікті дамытуға еңбек сіңірген марапат иелерін құттықтаймыз.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!