Фото: freepik.com
Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Фирдауси мектебінің директорына екі ер адам күш көрсетіп, қызметінен кетуін талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы ақпаратпен заңгер Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында бөлісті.
«Бұл оқиға күні кеше болған. Жанар Сапар жұмысқа бара жатқанда екі сақалды жігіт тоқтатып, мойнынан қылқындырған. Жарақат іздері бар. Машинадан сүйреп түсірген. Аяғы шыққан. Қайта мектеп директорының орынбасары, тәжік жігіті келіп көмектескен. Сосын мектепке апарып, жедел-жәрдем шақырған. Сақалды жігіттердің талаптары мектептегі орнын босат деген», – дейді Айгүл Орынбек.
Заңгердің айтуынша, басты себеп мектеп директорының хиджап киген оқушыларды мектепке кіргізбеуі. Мектеп директоры полицияға шағымданғанымен ешқандай нәтиже болмаған.
“Полиция қызметкерлері екі жігітті табудың орнына, “арыз-шағымым жоқ” деген қағаз жаздырып алып кеткен”, – делінген заңгер жазбасында.
ҚР Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!