Бүгін Шиелі ауданында екі сәби газдан уланып, қайғылы оқиға орын алды. Оқыс оқиғаға байланысты Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өткізіліп, сала мамандары тұрғын үйлерде сақтық шараларын сақтауды ескертті. – Бүгін сағат 7-ден 15 минут өткенде Шиелі ауданының Шиелі кентінде Н.Бекежанов көшесіндегі жеке тұрғын үйде алдын ала болжам бойынша табиғи газдан уланып, 2017 және 2020 жылдары туған екі бала қаза болды. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамнан 1 қызметкері барды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Плалұлы.Сондай-ақ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мамандары тұтынушылардан тұрмыстық газды пайдалану кезінде жіберетін қателіктерді айтып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.- Жазатайым оқиғалардың басты себептері – мұржаның түтін тартпауы, желдету арналарының, терезелердің ашылмайтындай орналасуы, газ аспаптарында оқыс жағдай кезінде газды сөндіретін автоматиканың болмауы, газ аспаптарын қараусыз қалдыру, тұрақты техникалық қызмет көрсетуді елемеу. Газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке деген мұндай немқұрайды көзқарас кейде қайғылы салдарға әкеледі. Ал, өзіңізді қалай қорғауға болады? Үй-жайда газдың иісі байқалған кезде жабдыққа дейінгі және жабдықтың өзіндегі крандарды дереу жабу, терезелер мен есіктерді ашу, желдету, сіріңке жақпау, темекі шекпеу, электр аспаптарын қоспау және өшіру, 104 телефоны бойынша авариялық қызметті шақырту қажет. Газ пайдаланатын жабдыққа газ беруді автоматты түрде өшіруге арналған газ дабыл қаққыштарын орнату. Бұған қоса, үйішілік газ құбырлары мен газ аспаптарына уақытылы техникалық қызмет көрсетуді жүргізу, – деді Жайық Еділұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!