Қазанның 23-24 күндері Республика күніне және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына 100 жыл толуына орай, облыс әкімінің қолдауымен Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті.




Концертке Швейцариядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Женева және Берн қалаларындағы қазақ диаспорасы, білім алушы студенттер мен жергілікті тұрғындар қатысты.



Мереке аясында облыста ауқымды мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылғаны белгілі, енді оның легі шетелде де жалғасуда.


Бұл концерттің мақсаты – қазақ мәдениетін, ұлттық өнерді, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін әлемге таныту. Оған ұлттық музыканың жауһарларын төрткүл дүниеге паш еткен халық аспаптар, «Томирис» би ансамбльдері, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері М.Ниязов, «Құрмет» орденінің иегері Ү.Медеуова, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қ.Мейрамбек, Мәдениет саласының үздіктері А.Шағдатов, М.Мақұлбеков, дәстүрлі орындаушылар Ә.Қуаңбаев, Т.Өтенова, айтыскер-ақын Б.Орынбасар, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары М.Аманжолов, А.Шадаев, А.Махамбетжан, А.Әбді, А.Төреғали және М.Жантөре, А.Шүкіров, Ж.Жұмабек, Ж.Қайыпберген, Н.Рүстемұлы, З.Нысанбаев, Т.Аяпова қатысып, өнер көрсетті.


Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық нақышта жасалған сый-сияпат ұсынылды. Жұртшылық таным мен тағылымға толы кеш сыйлағаны үшін сырбойылық өнерпаздарға алғыс білдірді.

Айта кетейік, осы жылы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Испания, Финляндия, Эстония мемлекеттерінде Сыр өнерпаздарының концерті өткен болатын.



Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!