Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде спорт саласын дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.
Аймақта дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауқымды жобалар қолға алынған. Биыл бұл салаға жергілікті бюджеттен 38 млрд 213 млн теңге қаржы бөлінді. Өңірде 340 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл – облыс халқының 40,4 пайызы. Спорт резервін және спортшыларды даярлайтын 33 спорт мекемесі жұмыс істейді.Соңғы үш жылда 20 спорт кешені пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдарда тағы 6 спорт нысаны ел игілігіне табысталмақ.
Жуырда Қызылорда қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды.
Сонымен қатар, ерлер мен әйелдерге арналған тұңғыш «Қызылорда бокс клубы» өз жұмысын бастады. Мемлекет басшысының қолдауымен салынып жатқан Қызылорда қаласында 26 млрд 500 млн теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион қыркүйек айында ашылады.Оған қоса, 20 млрд 500 млн теңгеге көпбейінді «Qyzylorda Arena» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи жаттығу залдары, жүзу бассейні, сондай-ақ халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған. Өткен жылдың қазан айында «Самұрық-Қазына Траст» қорымен бірлесіп 3 млрд 400 млн теңгеге заманауи Теннис орталығы ашылды. Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Жуық арада федерацияның көмегімен Жалағаш аудандық орталық стадионы күрделі жөндеуден өтеді. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынып, халық игілігіне берілді.Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі ауданында жаңа спорт нысаны бой көтеріп, іске қосылды.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында аталған қордың көмегімен 3 млрд теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде.Жиында Айбек Дәдебай Қызылорда облысындағы спорт саласының оң өзгерістеріне тоқталды. Президент Әкімшілігінің басшысы өңірде жаңа спорт нысандары бой көтергенін және “Қайсар” клубы легионерлерден толық бас тартқан алғашқы команда екенін атап өтті. Аймақтың оң тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі етті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!