Сәл қисық кетсең, қалтаңа салмақ түседі. Өзі жұқарған қалта тесілуге айналды. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, жүрсең де айыппұл, тұрсаң да айыппұл. Айыппұлдан қажыған халық тіпті «Штрафстан» деп видео түсіріп, пікір қалдыратын болды. Ал жыл сайын айлық есептік көрсеткіш өскен сайын айыппұл да соған сай көтерілетіні анық. 2025 жылы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш өткен жылғыдан 6,5 пайызға жоғары болады деп жоспарлануда.
Биыл АЕК көрсеткіші 3692 теңге болды. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мөлшер 3932 теңгеге жетпек. Бұл өз кезегінде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің де көтерілуіне сеп болмақ. Әйтсе де, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл да осы көрсеткішпен тікелей байланысты болғандықтан, ол да артады.
Енді айыппұлдарға тоқтала кетейік. Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымнан асырған жүргізуші 5 АЕК, яғни биылғы 18460 теңгенің орнына 2025 жылы 19660 теңге төлейтін болады. Дәл осындай өзгеріс қауіпсіздік белдігін тақпасаңыз, шлемсіз жүрсеңіз немесе тоқтау және аялдау ережесін бұзсаңыз, алдыңыздан тосып тұр. Сонымен қатар бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткеніңіз үшін салынатын айыппұл қазір 36920 теңге болса, келер жылы 39320 теңгеге жетпек. Яғни, 10 АЕК. Жылдамдықты сағатына белгіленген мөлшерден 20-40 шақырым асыру, көлікті мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орынға заңсыз қою немесе жаяу жүргіншіні арнайы өткелден өткізбеу сияқты бағыттарда да осы көлемдегі айыппұл арқалайсыз.
Ал егер көлік жылдамдығын сағатына 60 шақырымнан және одан жоғары асырған жүргізуші 40 АЕК, теңгеге шаққанда 157280 теңге айыппұлдың дәмін татады. Бұл ретте үлкен жолдардағы орташа жылдамдықты есептегіш камералардың іске қосылғанын ескерген жөн. Мұндай ақылды камералардан қандай жүргізуші болса да айласын асыра алмасы анық.
Осы камераларға көп жүргізуші наразы екен. Мәселен, Айбек Сәнуардың жеті орындық тойота минивэн автокөлігін тізгіндегеніне 5-6 жылдың жүзі болды. Алдымен отбасындағы қолданысқа алған көлігін қазір қалааралық жолаушылар тасымалына мініп жүр. Кәсіптің көзі дегенмен қауіп пен қатердің ортасында жүреді. Күндіз-түні көліктің тізгінінде отыру оңай емес. Ол осы уақыт аралығында төлеген айыппұлдарын есептесе, кәдімгідей қынжылады.
– Әрине, ережені бұзайын деп бұзбайсың. Алыс жолда үнемі бір жылдамдықты ұстап отыру ұйқыны келтіреді. Қасыңа үнемі ертіп жүретін адам қайдан болсын?! Інім екеуміз ауысып, жүргізетінбіз. Ол үнемі босай бермейді. Рас, әдепкіде көлік айдаған осы екен деп, даңғыл жолда жүйткітетін кездеріміз болды. Қазір орташа жылдамдық есептелетін болған соң, үнемі қалыпты отыруың керек. Ал жылдам жүргізген адам айналаға мән беріп, сергек отырады. Көлік баяулай қалса, қалғып кететін жағдай көп. Содан соң біздегі ережелер мен полиция қызметкерлері қауіпсіздікті емес, айыппұл салуды бірінші орынға қояды. Кейде тіпті, айыппұлды қалтасына салдыратын сәттер де жоқ емес. Ол жерде біз де кінәліміз. Оны мойындау керек, – дейді ол.
«Ереже бұзбасам тоқтатпайды», «Менің жүргізуші куәлігімнің жоқ екенін олар қайдан білсін» деген ойдан аулақ болыңыз. Егер тәуекелге бел байлап, рулге отырсаңыз немесе жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалсаңыз, бұрынғы 184600 теңгенің орнына 196600 теңгені қалтаңыздан суырып алып, бала-шағаңыздың аузынан жырып, төлеуіңіз керек болады.
Қоғамда көлік жүргізушілердің наразылығын тудырып жүрген мопед жүргізушілері де айыппұлдан тыс қалмайды. Бұрын көлік пен мопед соқтығысса, мопедті жаяу жүргіншіге санап, автокөлік иесін кінәлі қылатын кезең келмеске кетті. Енді 2025 жылдан бастап мопед көлік құралы болып саналады. Бесіктен белі шықпаған, аузынан сүт дәмі кетпеген балалар енді мұндай көлікті жүргізе алмайды. Жүргізгеннің өзінде ауласынан аспайды. Өйткені мопед жүргізушілеріне салынатын айыппұлдар да бар. Мәселен, куәліксіз жүрсеңіз, 5 АЕК, яғни, 19660 теңге, мемлекеттік нөмірі жоқ немесе дұрыс тіркелмеген мопед тізгіндесеңіз, 10 АЕК, 39320 теңге, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір тақсаңыз 15 АЕК, 58980 теңге қаражатыңыздан қағыласыз. Көлік жүргізу құқығынан айырылған адам мопед басқарса 50 АЕК көлемінде 196600 теңге айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке қамалады. «Тізгінде мен болған жоқпын» деген сылтау сізді құтқармайды, егер мопедті куәлігінен айырылған немесе куәлігі жоқ адамға берсеңіз де жоғарыда айтылған 200 мың теңгеге жуық қаражатты айыппұл ретінде төлеуіңіз керек болады. Еске сала кетейік, куәлігімен қоштасқандар үлкен қалаларда осы мопедті көлік етіп, жол қысқартып жүрген еді. Енді куәліксіз қалдыңыз ба, екі аяққа күш берсін дегеннен басқа айтарыңыз да болмайды.
Дәл осылай автокөлікке қатысты утиль алымына да тоқтала кетейік. 2025 жылы қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ден аспайтын жеңіл автомобиль үшін 294900 теңге беру қажет. Ал қозғалтқыш көлемі 2000 текше см-ден жоғары көлік үшін 688100 теңге, 3000 текше см-ге жетпесе, 983 мың беруге тура келеді. Қозғалтқыш көлемі үш литрден асатын автокөлік алғандар ел қазынасына 2260900 теңге құяды. Бұл алым елге электромобиль кіргізгенде ғана сұралмайды. Айтпақшы, есепке қою туралы да айтқан жөн, автомобильді бірінші рет тіркегенде сұралатын сома (0.25 АЕК) 923 теңгеден 983 теңге болып ауысады. Шыққанына 3 жылдан аспаған көлік алған тұлға 196600 теңге төлеуге міндетті. Ал 3 жыл бұрын және одан ерте шыққан көлікті бірінші рет тіркеу үшін қалтаңызда 1966000 теңге қаржы болғаны жөн. Мына соманы көріп отырып, жалпы шетелден көлік әкелу қаншалықты тиімді деген сауал туады. Елдегі азаматтардың шетелдік көлік алуына көмектесіп жүрген Бақытжан есімді азамат мұның жай-жапсарын айтып берді.
– Бұл біржақты қарайтын мәселе емес. Мысалы, ұшақпен баруыңызға 150 мың теңге кетті делік. Бірден айтайын, сіздің қалтаңыздағы қаражат 10 мың АҚШ долларынан төмен болу керек. Одан артық қаражатпен кіргізбейді. Ал Ресейде жүріп-тұруыңызға 100 долларға рубль сатып аласыз. Ал жатқан күніңізге қарай әр күнге 10 мың теңгеден шығыныңыз бар. Ресейден бері қарай Қызылордаға дейін 100 мың теңге қаражат жетеді. Мұнан кейін утиль алым мен есепке қою алған көлігіңізге байланысты. Сонда не ұтамыз дейсіз ғой. Біріншіден, ондағы автокөліктердің жағдайы біздің елдегіден әлдеқайда жақсы. Екіншіден, 800 мың теңге мен 1 млн теңге шамасында арзанға шығады. Қымбатшылық қысқан заманда темір тұлпардың тәуірін мінгісі келетіндерге жақсы мүмкіндік, – дейді ол.
Сайып келгенде, айыппұл да, утиль алым да, есепке қоюыңыз да айлық есептік көрсеткішпен қатар арта бермек. Бірақ елдегілердің бір қуанышы зейнетақы мен жәрдемақының, әлеуметтік төлемдердің де көбейіп жатқаны. Бірақ, мұндай төлемдер мың теңгеге артса, базар бағасы 3-4 есе көтерілетіні тағы бар. Осы біз инфляцияны қуып келеміз бе, әлде инфляция бізді қуып келе ме? Түсініксіз…
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!