Жексенбі, 22 желтоқсан, 23:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Алло, 109 тыңдап тұр…

09.01.2024

390 0

Сурет: Жедел әрекет ету орталығы

Бірде үйде жарық сөніп қалды. Содан бірден майшамды қолға алудың орнына телефонды ала салып, 109 желісіне қоңырау шалдым. – Саламатсыз ба, сіз 109 Сall орталығына қоңырау шалдыңыз, – деп автоматты түрде жауап берді. Содан соң операторға қосты. Мәдениетті түрде амандасқан операторға: – Біз жақта жарық сөніп қалды. Себебін білуге бола ма, қашан қосылады екен? – деп сұрай бастадым. Мекен жайымды сұрағаннан кейін мән-жайын айтып түсіндірді. – Көшеңіздің бойында авариялық жағдай болған. Біз тиісті орынға хабарластық, – деген жауап алдым. Артынша жарық жанды. Шыны керек, өзім бұл орталықтың жұмысына риза болдым.

Күнделікті күйбең тірлік арасында өзімді мысал еткендей, тұрмыстық мәселе туындап жатады ғой. Қаланы айтпағанда бір ғана үйдің өзінде су тоқтап, жарық өшсе, жылу болмай қалса, бірден абыржи қалатынымыз белгілі. Қоқыс жиылып, оны уақтылы алмаса да қоңыраулатып, шағым жасауға бейімбіз.

Қайда қоңырау шаласыз?

2020 жылдан бастап, қалада 109 бірыңғай нөмірі арқылы коммуналдық мәселелер бойынша қала тұрғындарының өтінімдерін қабылдайтын «жедел әрекет ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет атқарып келеді. Ал былтырдан бері облысқа қарасты аудандар толығымен қосылды.

Негізі орталық екі бағыт бойынша жұмыс істейді. 109 байланыс қызметі – коммуналдық саланы, 112 желісі шұғыл қызметтерді қабылдап отырады. Яғни 101, 102, 103 жедел желілері қосылып, бір жүйе 112 байланысына біріктірілген. Бұл бірыңғай жүйенің мониторингі шақырушы тұлғаның мекенжайын көрсетуге, орналасқан жерге жақын экипажды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өтініш берушіге келудің тиімді картасын, жолын ұсынады. Осы жобаны іске асырудың экономикалық тиімділігі бір терезе қағидаты бойынша жедел қызметтерді шақыруды ұйымдастыру және шақыруларды қабылдау мен өңдеу уақытын 30% қысқартуды көздейді.

Оған қоса 109 бірыңғай байланыс орталығының да жұмысы қарқынды жүруде. Бұл жүйе арқылы қаланың инфрақұрылымына қызмет көрсету үдерісіне тартылған барлық коммуналдық қызметтерді: жылу, электр, сумен жабдықтау, су бұру, қоқыс, люктер, жол шұңқырлары, қоғамдық мәселелері біріктіріледі. Тұрғындардан келіп түсетін барлық өтінімді қабылдаған оператор жүйеге енгізеді. Содан соң оны автоматты түрде осы мәселені шешуі тиіс ұйымға жолдайды. Жұмыс осылай жүзеге асады.

109 байланыс желісі қалай жұмыс істейді?

109 қызметі 24/7 жұмыс режимінде жұмыс істейді. Яғни үзіліссіз, демалыссыз, тіпті мереке күндері де демалу дегенді білмейді, мұндағы қызметкерлер. Қазіргі күні орталықта барлығы 28 қызметкер 4 ауысыммен халыққа қызмет етуде. Олар үздіксіз, әсіресе жергілікті тұрғындардан келетін қоңыраулар легіне 24 сағат бойы салиқалы түрде жауап береді. Операторлардың еңбегі бұл.

Сонымен қатар орталық тұрғындардың өтінім жібере алатын немесе жағдайды егжей-тегжейлі сипаттай алатын құралдар ауқымы кеңейтілген. Олар: «komek – 109» мобильді қосымшасы (AppStore/ Playmarket) және WhatsApp (+77717000109), Telegram-бот (@kyzylorda109_ user_bot), Instagram (qyzylorda_109), Facebook (Жедел әрекет орталығы) әлеуметтік желілер арқылы өтінім бере алады.

Бір нөмірмен бірнеше мәселені шешесіз

Өткен жылы 109 қызметі облыстық сайлау комиссиясының бірыңғай Call орталығы болып бекітілді. Smart City жобалары аясында Қызылорда облысында orda.kz порталы 2023 жылдың 20 қыркүйектен бері іске қосылып, портал (iorda.kz) көмегімен жеке және заңды тұлғаларға 83 бағыт бойынша (Қызылорда су жүйесі, Қызылорда тазалығы, Энергосервис, Қызылорда электржүйесі, «ҚЭТТҚ» АҚ, Қызылорда жылу орталығы) қызмет көрсетуде.

Бұрын тұрғындар кем дегенде 24 коммуналдық не авариялық қызмет орындарына хабарласатын. Ал қазір олай емес. Бір ғана 109 нөмірін теріп, туындаған мәселені асықпай түсіндіруге болады. Тек нақты айтсаңыз болды. Әрі қарай жұмысты орталық мамандары атқарады. Рас, әр мекемеге жекежеке шығып, қоңыраулатудың қажеті болмай қалды.

– Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 109 қызметі жүйесі әзірленіп енгізілген. Соның арқасында қаладағы тыныс-тіршіліктің барлық мәселелері бойынша, оның ішінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, табиғи газ, көпқабатты үйлердің жылу жайы және тағы да басқа мәселелерді 109 қысқа нөміріне хабарласуға болады. Әрбір тұрғын өзін толғандырған мәселесін операторға нақты түсіндіріп өтуі тиіс.

Бүгінгі күні байланыс орталығы бірнеше мекемемен тығыз байланыста. Орталықтың басты артықшылығы – көптеген мәселелерді қашықтықтан шешеді. Инспектороператорлар халықтан өтінімдерді тәулік бойы қабылдап, тиісті мекемеге жолдайды, орындалуын қадағалап, тұрғынмен кері байланыс орнатады. Тұрғындар 109 нөміріне қоңырау шалу арқылы өзінің тұрмыстық өтініштерін жеткізе алады, – деді орталық директоры Руслан Бүркітбаев.

Мамандары мықты

Орталық қызметін әдейі барып көрген адам жылдам көмек көрсетудің тамаша үлгісін байқар еді. Мұндағы қызметкерлерге демалыс деген жоқ, тәуліктің жеті күнінде сіздің қоңырауға жауап беруге әзір.

 – Кейде қоңырау барысында кеңес сұраушылар да кездеседі. Мұндайда операторлар қолдан келгенше тиісті орындар арқылы көмек көрсетеді. Біз хабарлама түскеннен кейін оның орындалған не орындалмағанын да анықтаймыз. Мысалы, үйден су кеткен жағдайда тиісті мамандар барып оны жөндесе, тұрғынның өзі де қоңырау шалып, алғысын айтатын кездер де болады.

Сонымен бірге фотоға түсіріп, біздің +7771700109 whatsApp желісіне суреттерін жібереді. Өзіміз де бақылауға алып, тиісті мекемеге де, тұрғынға да шығып, мән-жайды анықтаймыз, – деді орталық директоры.

Расымен, орталық жылдам қызмет көрсетудің үлгісін танытып-ақ отыр. Оған қоса ауа райы қолайсыз болып, қар қалың түскенде, жаңбырлы күннің арты мұздаққа айналып, жол қатынасы қиындағанда да байланысқандар қапы қалмайды. Операторлар көмек көрсетуші құзырлы орындарға қоңырау соғып, жедел түрде шешім табуға жәрдемдесіп отыр.

Шыдамсыз тұрғындар да бар

Арасында кейбір тұрғындар шыдамсыздық танытып, қайта-қайта телефон шалатын кездер жиі болатын көрінеді. Мұндайда ашу үстінде артық сөз де айтылатыны белгілі. Бұған орталық операторлары асқан сабырлылықпен жауап беріп отырады. Сондай-ақ әр қоңыраудағы диалог телефон жадында сақталып, тіркелген уақыты бойынша қайта тыңдауға да мүмкіндік бар. Бұл тұрғындар тарапынан сенімсіздік болған жағдайда немесе операторлар қоңырау шалған әр адаммен дөрекі сөйлессе, дәлел бола алады.

Сонымен қатар 109 бірыңғай байланыс орталығының функциясы өтінішті кәдімгі телефон арқылы ғана емес, барлық әлеуметтік желілер, яғни қалта телефонымен де қабылдайды. Әрі бұл қоңыраудың барлығы тегін. Сондай-ақ сіз аса қиын жағдайда қалып, ұялы байланыс тым әлсіз не мүлде жоқ жерде 109 нөмірін терсеңіз, сіздің нақты мекен жайыңыз бірден анықталып, соған жақын жердегі құтқарушы құзырлы орынға хабар беріледі. Ғарыштық желінің осы кереметін ұқсата білген орталық адам өміріндегі қауіп-қатерлерге тосқауыл болып отыр.

Жаңа жыл түні тыныш өтті

Орталық мамандарының айтуынша, 109 қызметіне 2023 жылдың 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында облыс бойынша барлығы 165482 өтінім келіп түсті. 2020 жылы – 95595 өтінім, 2021 жылы – 151250 өтінім, 2022 жылдың есебі бойынша барлығы 109061 өтінім тіркелген. Тәулігіне өтініштерді қабылдау мен тіркеудің орташа статистикалық саны – 454 өтінімді құрап отыр. Коммуналдық салаға қатысты апатты жағдайлар орын алғанда 3000 дейін өтінім саны артады. Ал жаңа жылдағы мереке күндері ешқандай төтенше жағдай болмаған. Яғни мерекелік түн тыныш өткен.

109 бірыңғай байланыс орталығы қызметіндегі мақсаттарының бірі –тұрғындардың мәселелерін шешуде нақты бағдар беру. Осы күндері орталықтағы атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде.

Ақтолқын Нұрлыбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: