Бейсенбі, 28 қараша, 08:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Оң жақ рульді автокөлік: шектеу болған дұрыс па?

09.01.2024

586 0

Сурет: autotheme.info

Елімізге оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салынды. Әрине, бұл – уақытша шектеу. Бұған индустрия және құрылыс министрінің бұйрығы себеп болып отыр.

Анығырақ жазар болсақ, индустрия және құрылыс министрінің өткен жылдың 29 желтоқсанындағы бұйрығымен Қазақстанға 6 ай мерзімге оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салынған.

Тиісті ведомствоның дерегіне сүйенсек, бұйрық «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 17 және 18-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына сәйкес қабылданған.

Нақты қандай көлікке тыйым салынатынын айтар болсақ, ел аумағына оң жақ рульді бөлшектелген жеңіл автокөліктерді алты ай мерзімге дейін әкелуге тыйым салынып отыр. Біз сөз еткен бұйрық «Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі стандартты бақылау банкі» порталына жарияланған. Бұйрық осы жылдың 16 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Негізі оң жақ рульді автокөліктерге байланысты шешілмеген түйін көп. Оның үстіне біздегі жол қозғалысы ережесі де бұл типтегі автокөліктерге сәйкес келмейді. Бірақ солай екен деп көлігінің рулі оң жақтағы жүргізушілер машинасын үйіне қаңтарып қойып жатқан жоқ. Көлігімен қалаған жеріне барады. Түптеп келгенде Қазақстанда 2007 жылдан бері оң рульді көліктерді тіркеуге тыйым салынған. Әйтсе де оларды пайдалануға тыйым салынбаған. Оның үстіне сол жақ рульді көліктерге қарағанда бағасы да арзандау болып келеді. Адамдардың оң жақ рульді көлікті алуының бірден-бір себебі – осы.

Мақаланы жазу барысында көлік жүргізушілерімен сөйлескен едік. Әсет Серімов есімді азамат тыйым салғанды, шектеу қойғанды құптамайтынын жеткізді.

– Негізі шектеу қойған дұрыс емес. Бұл біздің конституциялық құқығымызды шектеу деген сөз. Рулі қай жақта орналасса да айдайтын адам өзі біледі ғой. Оң жақ рульді көліктердің бағасы да қолжетімді. Оң жақты рульді көлік айдайтындардың кесірінен жол апаты көп болады дейтіндер де бар. Рулі сол жақтағы көліктер апатқа ұшырамайды деп кім айтты. Бәрі рульдегі адамның өзіне, жауапкершілігіне байланысты. Қайта ережеге өзгеріс енгізіп, заңды қатаңдатып, жылдамдықты тым қатты асырғандарды жазалау керек. Мүмкін, сонда бұл мәселе шешілер, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Өзін Ғабит Құрманбекұлы деп таныстырған қала тұрғыны министрліктің бұл шешімін қолдап отыр.

– Баяғыда тыйым салу керек еді. Оң жақ рульді автокөліктермен жүру қиын. Біздегі жол ережесіне де сай келмейді. Бағасы арзан деп, алатындар көбейді. Мұндай көліктердің бағасын сол жақ рульді машиналармен теңестірсе, мәселе өздігінен шешілер еді. Жалпы министрліктің бұл шешімін қолдаймын, – деді Ғабит Құрманбекұлы ағынан жарылып.

Тұрғындар арасында министрліктің шешімін қолдайтындар да, шектеуді құп көрмейтіндер де бар.

 А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: