Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін цифрлық технологияларды енгізу шаралары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болды. Өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 9 ауылдық елді мекен қосылмаған. Оның 5-еуін топтық су құбырына қосу және 4-не ішкі су жүйелерін салу жоспарланған. Өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен қажетті қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Осы жылы Президентіміздің халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы толық орындалады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін ел тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған сәйкес, біздің басты міндетіміз – жыл соңына дейін өңір тұрғындарына сапалы ауыз суды толықтай жеткізу. Тапсырманың мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Жаз мезгілінде ауыз су қысымына тұрғындар жиі шағымданатыны белгілі. Осыған байланысты 1 апта ішінде тұрғындарға ауыз судың жеткізілуі мен көрсетілетін қызметтің сапасын тексеріп, тиісті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырыңыздар. Бұл ретте ешқандай олқылық болмауы тиіс. Судың қысымын тұрақты бақылауда ұстап, үздіксіз берілуін қамтамасыз етіңіздер.Қала, аудан әкімдеріне, облыстық басқарма, аумақтық департаменттер мен инспекция басшыларына қатаң ескерту жасаймын, өз аумақтарыңыздың тазалығын сақтау, көгалдандыру, көркейту және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырыңыздар», – деді облыс әкімі.
Бүгінде Мемлекет басшысының қалалардағы кәріз тазарту станцияларын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, арнайы Жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қызылорда қаласында қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр биологиялық тазарту станциясын жаңғырту қолға алынған.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!