20 қаңтарда Сыр елінде Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтеді. Ұлттық құрылтай қазіргі кезеңде қоғамдық пікірді жинақтайтын ғана алаң емес, мемлекеттік шешімдер қабылдауға ықпал ететін институционалдық тетік ретінде орнықты. Яғни, құрылым ел дамуының басым бағыттарын айқындауда маңызды рөл атқарып отыр.
Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өткізілуі де тарихи әрі саяси мағынасы терең шешім болып табылады. Бір ғасыр бұрын қазақ елінің астанасы болған бұл қала мемлекеттілік қалыптасуының жауапты кезеңдерімен тығыз байланысты. Осы тарихи сабақтастықты ескере отырып, ел тағдырына қатысты мәселелердің дәл осы өңірде талқылануы мемлекеттік саясаттың символдық мәнін арттырады.
Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүзеге асырып отырған реформалармен тікелей сабақтас. Президент бастамашы болған саяси және әлеуметтік өзгерістер әділетті мемлекет қалыптастыруға, басқару жүйесін жаңғыртуға және қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған. Құрылтай осы реформалардың қоғамдық қолдауын қамтамасыз ететін маңызды алаң қызметін атқарып келеді.
Аталған бағыт қазақ халқының тарихи басқару тәжірибесімен үндес. Құрылтай дәстүрі ел бірлігі мен жауапкершілігін қамтамасыз еткен басқару институты ретінде ғасырлар бойы қалыптасты. Қазіргі Ұлттық құрылтай сол тарихи негізге сүйене отырып, заманауи мемлекеттік басқару талаптарына бейімделген жүйелі құрылымға айналды.
Қызылорда өңірі ел тарихында стратегиялық маңызға ие аймақ саналады. Сыр бойындағы көне қалалар, Қорқыт ата мұрасы, Байқоңыр ғарыш кешені өңірдің рухани және геосаяси әлеуетін айқындайды. Осындай тарихи кеңістікте Ұлттық құрылтайдың өтуі елдік мәселелерге деген жауапкершілікті күшейтеді. Қазіргі кезеңде Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға беріліп, құрылыс қарқыны тұрақты сипат алды. Барлық атқарылып жатырған жұмыстар облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басшылығымен Мемлекет басшысы айқындаған даму басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірдің жаңғыруы мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде жүйелі іске асқанын көрсетеді.
Экономикалық даму әлеуметтік және рухани салалармен қатар жүргізілуде. Облыста білім беру, мәдениет және спорт инфрақұрылымы жаңартылып, халыққа қолжетімді орта қалыптастырылуда.
Мемлекеттік дамудың маңызды бағыты ретінде цифрлық трансформация айқындалды. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы реформалар басқару тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Цифрлық шешімдерді енгізу экономикалық өсімді жеделдетіп, қоғам мен билік арасындағы ашықтықты күшейтеді. Сонымен қатар білім, мәдениет және тарихи мұраны сақтау салаларында жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Аталған өзгерістер елдің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуына қызмет етеді деп сенемін.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделеді. Мемлекет басшысының реформаларын қолдау – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі. Қоғамдық келісім мен институционалдық тұрақтылық осы бағытта шешуші мәнге ие.
Осылайша, Ұлттық құрылтай Қазақстанның жаңғыру жолындағы маңызды кезеңді айқындайтын мемлекеттік алаң ретінде өз рөлін нығайтып келеді.
Оның Сыр елінде өтуі ел тарихы мен бүгінгі саяси бағыттың өзара сабақтастығын көрсететін, болашаққа бағытталған салмақты шешім.
М. Жайымбетов,
Парламент мәжілісінің депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!