Осы аптаның бейсенбісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңіріне іссапармен келді. Ел Президентінің Қызылорда облысына жұмыс сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді.
Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр.
Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын да арттыруға оң септігін тигізуде.

Инвестиция үлесі артып келеді
Мемлекет басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Сонымен қатар Президентке Қызылорда облысының инвестициялық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды.
Президентке шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақытылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Өнер орталығы – ел мақтанышы
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Өнер орталығына барды. Көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады.
Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр пайдалануға берілген еді. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған.
Мұнда концерттер, шығармашылық кештер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан.
Ел Президентіне 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды.
Өңірде мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүруде.
«Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек»
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, әңгімелесті.
Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті.
– Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде әңгімеледі.
– «Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізілуде. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы, Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңір үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін жеткізді.
– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президенті мәдениет, өнер саласына мән беретініне тоқталды. Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітапхана салынып жатқанын жеткізді. Болашақта осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін екенін айтты.

«Сыр жұлдыздары» – талантты балалар ордасы
Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды.
Бұл нысан биыл мамыр айында пайдалануға берілді. Мемлекет басшысына академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталғаны жөнінде баяндалды. Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар.
Қызылорда облысында қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері бой көтерген.
Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Бұдан бөлек, Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатыр.
«Қызылорда-нан» – жаңа өндіріс
Өңір экономикасын әртараптандыруға үлес қосатын жаңа өндіріс – «Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешені биыл қазан айында іске қосылды.
Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жеткізіледі.
Жаңа жылу электр орталығының мүмкіндігі
Жаңа жылу электр стансасы Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды.
Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді.
Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.
Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.

«Қайсар» – жекеменшікке өткен алғашқы клубтардың бірі
Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді.
Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді.
Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.
Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.
– «Қайсар» – елімізде жекеменшікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойды.
Айта кетелік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты жеделдету керектігін баса айтқан болатын.
Осыған байланысты Президент тапсырмасына сәйкес, қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың 30 қазанынан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.
Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда.
Айта кетейік, елімізде алғашқылардың бірі болып қызылордалық «Қайсар» футбол клубы легионерлерден толық бас тартып, жаңа маусымды жергілікті ойыншылармен бастады.
Ал, биылғы маусымда «Қайсар» футбол клубы 22 ұпай жинап, жалпы кестеде 11 орынға тұрақтап, Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды.
Ел руханиятына қамқорлық
Президент биыл ел игілігіне берілген облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді.
Бұл – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен жүзеге асты. Орталық өңір тұрғындарына тарту етілген маңызды мәдени нысан болумен қатар, аймақтың туристік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жаңа музей ғимараты – архитектуралық және технологиялық жағынан қазіргі заман талаптарына сай. Ол 250 мыңнан астам экспонатты сақтауға мүмкіндік береді, бұл қазіргі облыстық музей қорынан 3,5 есе артық. Жаңа орталықтың аумағы 1953 жылы салынған бұрынғы өлкетану музейінің аумағынан екі есе үлкен.
Музейде 12 тақырыптық зал бар. Олар палеонтология, археология, Қазақ хандығы дәуірі, этнография, Қызылорда тарихы, Алашорда, Ұлы Отан соғысы, мәдениет пен өнер, әлеуметтік-экономикалық даму, ғарыш, тәуелсіз Қазақстан сияқты тақырыптарға арналған. Экспозициялар заманауи цифрлық технологиялармен толықтырылған: жасанды интеллект жүйесі, панорамалық және диорамалық инсталляциялар, интерактивті LED экрандар. Қазір музей қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.
Үстел теннисіне қызығатындар көп
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласындағы үстел теннисі орталығын аралап көрді.
Кешенді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 миллион теңге қаржы бөлген.
Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.
P.S. Мемлекет басшысының Қызылорда облысына жұмыс сапарынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Аймақ басшысы Президент сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға және облыстық басқармалар мен мекемелер қызметкерлеріне алғыс білдірді.
– Мемлекет басшысының жоғары бағасы бірлесіп атқарған жұмысымызға, елдің бекем бірлігіне берілді. Жүктелген міндеттер ауқымды, сондықтан жұмыс қарқынын бұрынғыдан да күшейтуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!